Әкімдік арнайы жұмыс тобын құрды
Тараздағы «Казфосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар зауытынан шыққан қою түтін қалаға тарады. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, алдын ала жүргізілген талдаулардың нәтижесі бойынша фтор қосылыстарының шамалы жоғарылағаны байқалады. Қазіргі уақытта минералды тыңайтқыштар зауыты мен қаланың санитарлық шекарасында азот секілді басқа заттардың көбеюі анықталмаған.
Қазір облыс әкімінің тапсырмасымен экологтар, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары және басқа да жауапты тұлғалардың қатысуымен жұмыс тобы құрылды.
«Жұмыс тобын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет басқарады. Қазіргі уақытта басқа да аймақтарда зерделеу жұмыстары жалғасуда. Тұрғындарды сабыр сақтап, тек ресми ақпаратқа сенуге шақырамыз!», - делінген әкімдік таратқан хабарламада.
Айта кетейік, ҚазТАГ агенттігінің жазуынша, «Казфосфат» зауыты Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлына тиесілі болған.