Петропавлда көлік контрабандасымен айналысты деп айыпталған қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Астыртын қойманың ішінен 60 жапониялық көлік табылған

Фото ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстанда екі жыл бойы шет елдерден Ресей арқылы заңсыз көлік тасығандарға қатысты сот үкімі шықты. Трансұлттық қылмыстық топ жазадан жеңіл құтылып кетті. Прокурорлар оларды 25 жылғы дейін бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Судья оларды босату жөн санады, деп хабарлайды Azattyq ruhy тілшісі.

Атшулы оқиға 2019 жылы басталған. Қылмыстық топ жапон елінде шыққан қымбат көліктерді Ресей арқылы Қазақстанға бөлшек ретінде кіргізіп, кейін жинап, ресейлік темір тұлпар ретінде саудалап отырған. Көліктердің бағасы арзан болған соң, халық тарапынан сұраныс та көбейген. Осылайша, екі жыл шамасында аталған топ 1500-ге жуық көлік тасымалдаған. Экономикалық тергеу департаменті топ мүшелерін өткен жылдың наурыз айында ұстаған болатын. Сол кезде астыртын қойманың ішінен 60 жапониялық көлік табылған. Тергеу жұмыстары бір жыл бойы жалғасты. Алайда, сот олардың ісінде экономикалық қылмысты байқамаса керек. Судья бір айыпталушыны екі жылға бас бостандығынан шектесе, қалған үшеуін амнистиямен жіберді.

Тергеу жұмыстары барысында экономикалық тергеу департаменті көліктерді қарапайым халықтан жаппай тәркілеген болатын. Осылайша, жүздеген жүргізуші жер сипап қала жаздады. Бүгін сот көліктердің барлығын иелеріне қайтарып беруді тапсырды. 

Айыпталушылар 1.5 жыл бойы уақытша ұстау абақтысында отырып шықты. Олардың айтуынша, негізсіз пәле жапқан кісілер құқық қорғау органдарында жұмыс істемеуі тиіс. 

Прокурорлар бастапқыда қылмыстық топ мүшелерін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Бірақ сот олардың ешбір талабын қанағаттандырмады. Сот залынан асығыс шыққан прокурорлар пікір білдіруден бас тартты.