Ол Рыбакинаның жеңісін Ресейдің жеңісі деп жүрген жазбаларға да жауап берді
Ресейлік журналист Ксения Собчак қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаның «Уимблдондағы» жеңісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Турнирдің чемпионы – Мәскеуде туған, Ресей азаматтығын Қазақстан азаматтығына ауыстырған Елена Рыбакина. Белгілі бір себептерге байланысты ұлттық құрамаға кіре алмаған кез келген спортшы, карьерасын жалғастыру үшін азаматтық ауыстырады. Елена Қазақстан азаматы ретінде белорустар мен ресейліктерге салынған тыйымнан өтіп, Уимблдонға қатысты. Кеше ол қарсыласын жеңіп, әйелдер арасындағы жекелей дәрежеде чемпион атанды. Бұл Еленаның алғашқы «Үлкен Дулыға» атағы», - деп жазды ол Telegram-арнасында.
Ол Рыбакинаның жеңісін Ресейдің жеңісі деп жүрген жазбаларға да жауап беріп өтті.
«Бұл – Ресейдің емес, Қазақстанның жеңісі, өзімізді өзіміз алдамайық. Ресейде оған ешкім мүмкіндік берген емес, сол себепті үлкен турнирлерге қатыса алмады. Оған жеңіске жету мүмкіндігін берген – Қазақстан», - деді Собчак.
Айта кетейік, жуырда қазақстандық Елена Рыбакина Уимблдон турнирінде тунистік Онс Жаберден басым түсіп, тарихи жеңіске жеткен болатын.