Павлодар облысының тұрғындары 5 млн теңгеден астам сомаға қару тапсырды – Полиция департаменті
Өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады
Тапсырылған қарудың бәрі қару баллистикалық зерттеуге жiберiлдi, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 8 шілдедегі жағдай бойынша қаруды өз еркімен тапсыру туралы ниет білдірген тұрғындардан 70 өтініш түскен, тіркелмеген қарудың 75 бірлігі қабылданды.
Тұрғындар 57 бірлік тегіс ұңғылы қару, 16 бірлік ойық ұңғылы қару және ойық ұңғылы қаруға тиесілі 8287 патрон тапсырған.
«Павлодар қаласының тұрғыны өз еркімен 16 калибрлі «ИЖ-К» маркалы бір ұңғылы мылтық, Павлодар ауданының тұрғыны марқұм әкесінен алған бір тегіс ұңғылы, «ИЖ-18», 16 калибрлі аңшылық мылтық әкелді. Төлемнің болжалды сомасы – 64 323 теңге. Бүгінгі таңда шамамен 5 млн 876 мың 389 теңге сомаға қару тапсырылды», – деп атап өтті Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаев.
Өңір полицейлері тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салады.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды пайдалануға байланысты қылмыстардың алдын алу мақсатында аймақта сыйақы төлену арқылы қару қабылдау жалғасып жатыр.