Қапшағай су қоймасында құтқарушылар екі қызды аман алып қалды
Балалар медициналық көмекті қажет етпеді
Алматы облысының құтқарушылары Қапшағай су қоймасында екі қызды қаман алып қалды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, оқиға 10 шілде күні сағат 15:10 шамасында болған. Қонаев қаласы жедел-құтқару жасағы осы уақытта Қапшағай су қоймасындағы №7 қалалық жағажайды патрульдеп жүрген. Соның барысында жағалаудан 30 метр қашықтықта 2007 және 2006 жылы туған балалар құтқарылған.
«Қыздар көлдің терең жеріне барып, бата бастады. Құтқарушылар қыздарды қауіпсіз жағалауға эвакуациялады. Балалар медициналық көмекті қажет етпеді», - делінген ТЖД хабарламасында.
Алматы облысының ТЖД азаматтарды суға шомылу маусымында барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.