Қостанайда нөсер жауыннан әуежайдың бірінші қабатын су басты

Автор: Azattyq Rýhy

Ал әуежай жақында ғана қайта жөндеуден өткен

Бейнеден кадр

Кеше Қостанайда қатты жаңбыр жауып, халықаралық әуежай ғимаратының бірінші қабатын ішінара су басты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

 Бұл видео желіде жарияланып, бірден қала тұрғындарының наразылығын тудырды. Өйткені, әуежай жақында ғана қайта жөндеуден кейін есігін айқара ашқан еді.

«Жөндеу жақында ғана жүргізіген, нәтижесі міне. Бұған жауапты адамдарды дереу шақырып, жауапқа тарту керек. Ұят жағдай», – деп жазды видеоның астына қаланың Наталья есімді тұрғыны.

 «Жөндеу жұмыстарын жүргізген түрі», - деп жазды Андрей есімді қолданушы.

Әуежайдың хабарлауынша, су тасқынына нөсер жауын себеп болған. Жаңбыр салдарынан нөсер канализациясы толып, ұшу залын су басқан. Қазіргі кезде қолайсыз ауа райы салдары жойылды.

Бұл Қостанай әуежайына қатысты бірінші оқиға емес. Наурыз айының басында желіде Қостанай әуежайының реконструкциядан кейінгі видеосы тарады, онда адамдардың баспалдақпен көтеріліп, қабырғаға бір-ақ тірелетіні түсірілген. Әуежай басшылығы бұны ғимаратта жөндеу жұмыстары, жобалау шешімдерінің толық аяқталмағанымен түсіндірді. Кейіннен қабырғада есік орнатылған.