$ 520.48  574.61  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мұғалімдер мен директорлардың қарым-қатынасына қатысты антирейтингте Түркістан облысы көш бастап тұр

Білім беру ұйымының басшылары осы бағытта тиісті жұмыс жүргізуі қажет

Мұғалімдер мен директорлардың қарым-қатынасына қатысты антирейтингте Түркістан облысы көш бастап тұр
Фото ашық дереккөзден

Мұғалімдер мен мектеп директорларының қарым-қатынасына қатысты антирейтингте Түркістан облысы көш бастап тұр. Бұл туралы Қазақстанның Оқу-ағарту министрі өзінің Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түркістан облысының тұрғындарымен өткен кездесуде Асхат Аймағамбетов көпшілікті мазалайтын сұрақтарға жауап берді.

Министрдің жазуына қарағанда, халықты көбіне жүйелі мәселелер емес, жергілікті білім беру қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың ден қойып, назар аударуын қажет ететін жеке мәселелер толғандырады екен.

«Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуде аудандық бөлімдер мен облыстық білім басқармаларының Оқу-ағарту министрлігіне бағынуының маңыздылығы, директорларды ротациялау, мектептердегі педагог-ассистенттер санын көбейту, колледждерді бейінді министрліктің тікелей басқаруына беру, мектептер мен балабақшаларды жабдықтау үшін жергілікті бюджеттен қаржыландырудың жетіспеушілігі туралы мәселелер көтерілді.Көптеген сұрақ облыстағы мұғалімдер мен мектеп директорларының қарым-қатынасына қатысты болды. Мұндай антирейтингте Түркістан облысы республика бойынша «көшбасшы» саналатынын атап өткім келеді. Білім бөлімдері мен білім беру ұйымының басшылары осы бағытта тиісті жұмыс жүргізуі қажет», - деп жазды министр.

Сонымен бірге, Асхат Аймағамбетов кездесу барысында мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру бөлігінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты шағымдар болғанын да атап өтті. Мұның бәрін шешу үшін жүйелі жұмыстар жүргізілетініне тоқталды.

«Қорыта келгенде, облыстың білім беру саласында шешілмеген бірқатар мәселе бар. Түркістан облысы Білім басқармасының қазіргі басшысының облыс басшылығы шешімімен тағайындалғанына аз ғана уақыт болды. Енді оның алдында қордаланған мәселелерді шешу бойынша маңызды міндеттер тұр. Түркістан облысының тұрғындарына уақыт бөліп, кездесуге келгендері және білім саласына бей-жай қарамағандары үшін алғыс айтамын», - деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Серіктес жаңалықтары