Еліміздің 4 бірдей облысында медицина саласының шенділері парамен ұсталды
Олардың бірі жұмысқа орналастырғаны үшін ақша алса, өзгелері бюджет қаражатын жымқырған
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары еліміздің төрт өңірінде денсаулық сақтау саласының шенді қызметкерлерін ұстады. Олар пара алды және бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталуда.
Мәселен, Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасының «Облыстық балалар ауруханасы» ШЖҚ МКК бұрынғы бас дәрігері 20 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген. Шенеунік ғимаратты жөндеу бойынша орындалмаған жұмыстарға ақы төлеп, қаражатты ысырап еткен.
Ал, Қостанай облысында Денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Арқалық қаласының мамандандырылған сәбилер үйі» КММ бас дәрігерінің 2 млн теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлауға қатысы бары тексерілуде.
Маңғыстау облысында «Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы» ШЖҚ МКК басшысының міндетін атқарушы азаматтан фельдшер болып жұмысқа орналасқаны үшін қомақты мөлшерде пара алды деген күдікке ілініп, оған қатысты тергеу басталды.
Қызылорда облысында көпсалалы облыстық аурухананың дәрігері азаматтарды облыстық білім басқармасының лауазымды тұлғаларына мұғалім ретінде жұмысқа орналастырғаны үшін 600 мың теңге, «Жедел медициналық көмек» ММ-нің директорына фельдшер ретінде жұмысқа орналастырғаны үшін 500 мың теңге пара беруге итермелегені және келесі бір азаматты «Жер қатынастары басқармасы» ММ-не жұмысқа орналастыруға ықпалдасуы үшін алдау жолымен 600 мың теңге пара алды деген күдікке ілінді.