Қазақстандықтардың шетел валютасымен несие алу көрсеткіші минимумға жетті
Биылғы көрсеткіш жиырма жыл бұрынғы сандардан да едәуір төмен
Жеке тұлғаларға ҚР-да шетел валютасымен берілген кредиттер көлемі жаздың басында небәрі 14,6 млрд теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 53% - ға аз, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Жеке тұлғалардың шетел валютасындағы қарыздарының басым бөлігі қаржы орталықтарына тиесілі. Көш басында Алматы (73% немесе 10,6 млрд тг), екінші орында ШҚО (5,3% немесе 771,3 млн тг), үшінші орында Шымкент (4,5% немесе 660,5 млн тг) тұр.
Шетел валютасымен несие алудың максималды көрсеткіші соңғы рет 2016 жылы тіркеліп, кредиттің жалпы құны 482,9 млрд теңгені құрады. Алайда, биыл жазда бұл көрсеткіш 45 есеге қысқарған.
Тұтастай алғанда, елімізде экономиканы және жеке тұлғаларды шетел валютасымен кредиттеудің төмендеу үрдісі анық байқалады. Шетелдік валютаның қарыздар портфелі ең төменгі деңгейге жетті, ал биылғы көрсеткіш жиырма жыл бұрынғы сандардан да едәуір төмен (2002 жылғы желтоқсанда шетел валютасындағы қарыздар көлемі 36,9 млрд теңгені құраған).