$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Арзан қант іздеген оралдықтар алаяқтарға алданып жатыр

Елді банк қызметкерімін деп алдайтындардың қатарына енді «қант саудагерлері» қосылды

Арзан қант іздеген оралдықтар алаяқтарға алданып жатыр
фото: www.inform.kz

Арзан қант іздеген оралдықтар алаяқтарға жем болуда. Өйткені өңірде шекер әлі тапшы. Ал қысқа қамданған халық қапшықтап сатылар құмшекер іздеп, сауда орталықтары мен базарларда сабылып жүр. Арзан қант іздегендердің осал тұсын алаяқтар да пайдаланып қалып жатыр, деп хабарлайды astanatv.

Полиция дерегінше, құмшекер сатамын деп халықтың қалтасын қаққан алаяқтарға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Тілшіміз толықтырады. Қазір базарда жеміс-жидек пен көкөніс арзан. Бірақ түрлі қайнатпа жасап, қысқа қамдану үшін қант тапшы. Дүкенде адам басына 2-3 келіден ғана сатылатын құмшекер банкі жабуға жетпейді.

“Жақында 25 килограмдық секерді 16 мың теңгеге алып едім. Бүгін барсам, 200 теңгеге қымбаттап кеткен. Жылда 300 банкі жабатын едім. Биыл 100 банкі жабатын шығармын. Секер қымбат»,- дейді Орал қаласының тұрғыны Сара Үмбетьярқызы.

 Халықтың қант қанша қымбаттаса да, сатып алуға әзір екенін алаяқтар да жақсы біледі. Қазір ондайлар интернет арқылы түрлі хабарландыру беріп, аңқау елді алдап, табыс тауып жатқан көрінеді.

«Біз Шымкент қаласынанбыз. Қанттың килограмы- 340 теңге. Қаласаңыз бірнеше тонна қантты Оралға тегін жеткізіп береміз. Бірақ жеке куәлігіңіздің суретін жіберіп, тауардың жарты ақшасын алдын-ала аударасыз. Қалған ақшаны кейін төлейсіз. Содан кейін сізге есепшілеріміз құжаттарды жібереді», - деп жауап берді алаяқ.  

Полицейлер мұндай көлеңкелі істі әшкерелеу оңай емес дейді. Өйткені алаяқтықтың бұл түрі бүгінде халықаралық деңгейге жеткен. Яғни, басқа елдегі пысықтар азаматтардың жеке куәлігін пайдаланып, интернет арқылы несие рәсімдей алады. Сондықтан арзан құмшекермен қуантамын дегендерге сенбеуді сұрайды.

«Хабарландыру сайты арқылы 5 қапшық құмшекер сатып алмақ болған оралдық бір азамат алданып қалды. Алданғанын ақшасын аударып жіберген соң, бірақ білген. Келген шығын - 30 мың теңге. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - дейді БҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Ілияс Мұқанов.

Полиция дерегінше, бүгінде интернет-алаяқтық өршіп барады. Өйткені алданушы барда алдаушы қашан да табылады. Мысалы, 2017 жылы небары 26 интернет-алаяқтық тіркелсе, былтырдың өзінде бұл қылмыс 26 есеге көбейіпті. Бұған дейін елді банк қызметкерімін деп алдайтындардың қатарына енді «қант саудагерлері» қосылды.

Серіктес жаңалықтары