Маймыл шешегі әлемнің 64 елінде тіркелді
Бұл тізімде Ұлыбритания көш бастап тұр
Денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегі бойынша әлемдегі ахуал туралы мәліметті жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдын ала деректері бойынша маймыл шешегін жұқтыру деректері күн сайын өсуде. Аурудың барынша үлкен өршулері Нигерия мен Конгода тіркелуде.
Бүгінгі күні індетке шалдығу көрсеткіштері әлемнің 64 елінде 6106 жағдайға жетті.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәлімдеуінше, Ұлыбританияда – 1235, Германияда – 1054, Испанияда – 1196, Францияда – 498, Португалияда – 402, АҚШ - та 395, Канадада – 287, Нидерландыда – 257, Италияда – 192, Бельгияда – 117 жағдай тіркелген.
«Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында маймыл шешегі ауруына күдікті жағдай тіркелген жоқ. Осы инфекцияның әкелінген жағдайлары тіркелген Африка елдерінен және басқа елдерден келген азаматтарға ерекше назар аударылады», - делінген хабарламада.