Жыл басынан бері 1 мыңға жуық қазақстандық, оның ішінде 70 бала жол апатынан қаза тапты
Еліміздің жолдарында жыл сайын 2 мыңнан астам адам жол-көлік апатынан мерт болады
Ішкі істер министрлігінде өткен брифинг барысында ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова еліміз жолдарындағы қауіпсіздік мәселесі туралы айта келе, жыл басынан бері 1 мыңнан астам отандасымыздың жол-көлік апатынан қаза тапқанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Елімізде соңғы 5 жылда еліміз жолдарында жыл сайын 2 мыңнан астам адам қайтыс болды, тағы 20 мыңнан астам адам жарақат алды. Биылғы 6 айда Қазақстанда 6 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 947 адам қаза таты. Сонымен қатар 8 110 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігінің негізгі себебі – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол жүрісі қағидаларын саналы түрде бұзуы. Жол апатының 95% жүргізушілердің кінәсінен болады», - деп атап өтті Ақтоты Боранова.
Ол жол-көлік апатына жылдамдық режимін асыру, маневр жасау қағидаларын бұзу, қарсы қозғалыс жолағына шығу, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілердің ЖҚЕ бұзуы себеп болып отырғанын айтты.
«Жылдамдық режимінің сақтамай басқаруға байланысты 1,5 мыңға жуық ЖКО тіркелді, онда 300-ге жуық адам қаза тауып, 2 мыңға жуық адам жарақат алды. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер кінәсінен 200-ге жуық жол апаты болып, 40-тан астам адам қаза тапты, 150-ге жуық адам жарақат алды», - деді А. Боранова.
ІІМ өкілі балалар зардап шеккен жол-көлік апаттарының статистикасына жеке тоқталып, жаға ұстатар жайттар туралы баяндады.
«Жыл басынан бері балаларға қатысы бар 1,2 мыңнан астам жол-көлік апаты тіркелді. Онда 70-тен астам бала қаза тауып, 1,5 мыңға жуық жасөспірім жарақат алды. Мәселен, 2022 жылғы 28 маусымда Қарағанды облысының аумағында Нұра өзені арқылы өтетін көпірде Honda Odyssey автокөлігінің жүргізушісі басып озамын дегенде, қарсы бағытта келе жатқан Volkswagen Golf автокөлігімен соқтығысқан. ЖКО салдарынан екі жүргізуші де қаза тапты, сондай-ақ автокөліктердегі 9 жолаушы ауруханаға жатқызылды, оның ішінде 7 бала бар», - деді А. Боранова.
Сондай-ақ сол күні Батыс Қазақстан облысының аумағында Орал-Атырау автокөлік жолында Nissan Almera автокөлігінің жүргізушісі аударылып кеткен.
«Соның салдарынан жүргізуші мен 2 жолаушы қаза тапты, оның ішінде 1-і бала бар. Қоғамда жолдарда дөрекілікке, батылдыққа және бассыздыққа, алкогольді немесе одан да сорақысы, есірткіге масаң күйде көлік жүргізуден қатаң бас тарту керек», - деді ІІМ өкілі.