Алматыда құрылыс базары өртенді

Автор: Azattyq Rýhy

Өрттің аумағы 2 мың шаршы метрді құрады

Алматы өрт сөндірушілері Алатау ауданындағы құрылыс базарында орын алған алапат өрттті бір сағат ішінде ауыздықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, түнгі сағат 03. 10-де Алатау ауданындағы «Бақорда» базары аумағында орналасқан құрылыс заттарын сататын базарда өрт шыққаны туралы хабарлама түсті.

«Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгенде шатыр астына қатарлап кесілген ағаш материалдарының жанып жатқанын көрген. Жоғары жылу сәулесінің әсерінен оттың көршілес ағаш қатарларына және көрші "Бақорда"сауда орталығының салынып жатқан ғимаратына таралу қаупі туындады. Дереу өрт орнында жедел штабтың жұмысы басталды, өнімділігі жоғары өрт оқпандары енгізілді, өрт автопойызы іске қосылып, сондай - ақ үйінділерді алып тастау үшін құтқару қызметінің ауыр-шынжыр табанды техникасы тартылды», - деп көрсетті ТЖД.

Қабылданған жедел шаралармен қызыл жалын бір сағат ішінде оқшауланып, жалпы ауданы 2 мың шаршы метрді шарпыған өрт таңғы 06:35-те толығымен сөндірілді.

«Өртті сөндіруге жеке құрамнан 64 адам және 21 бірлік техника жұмылдырылды. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себептері анықталуда», - делінген ТЖД таратқан хабарламада.

Тегтер: