$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

СҚО-да қоныс аударушыларға салынған үйлердің сапасы төмен

Әкімдіктегілер құрылыспен айналысқан мердігерлерді сотқа берді

СҚО-да қоныс аударушыларға салынған үйлердің сапасы төмен
фото: halyq-uni.kz

Солтүстік Қазақстан облысында қоныс аударушыларға деп салынған үйлердің сапасы сын көтермейді. Салдарынан оңтүстіктен көшіп келген ағайындар қазір қиын жағдайға тап болып жатыр. Айтуларынша, үйлер қыста суық. Ал әкімдіктегілер мердігерлерді сотқа берген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Хабар арнасына сілтеме жасап.

Ерлі-зайыптылар Ермек пен Айнұр былтыр Алматы қаласынан Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударыпты. Мемлекеттік бағдарлама бойынша берген баспанасы сапасыз тұрғызылғанын айтады. Терезесімен төбесінен жел үрлейді. Қыста суық.

«Ағаштың үйіндісін нығыздап, сонымен тұрды. Ол үйіндіні жел басқа жаққа түгел үйіп тастады. Соны ашып тұрып көрсеткем. «Соның бәрін жөндеп береміз», - дейді. Қашан екенін бір құдай біледі. Мына еденнің барлығы шіріп жатыр. Ашсаң, түгел көгеріп жатыр», - дейді Петровка ауылының тұрғыны Ермек Сахариев.

Әкімдіктегілер олқылықтың орнын толтырмаса, бұл отбасы күзде кері кетуге бекініп отыр. Себебі олар: «Жергілікті билік үйіп төккен уәделерін орындамай отыр», - деп ашынады.

«Ауасы таза, мал ұстауға, қаз асырауға болады дегеннен кейін келдік. Біз қаланың ортасында тұрған соң, бір ауылда тұруды армандадық. Сөйтіп келіп едік. Бұл ауыл арманымызды орындаған жоқ, сөздің шыны керек», - дейді Петровка ауылының тұрғыны Айнұр Құсайынова.

 Былтыр Петровка ауылына төрт отбасы орналасты. Олардың қатарында Ираннан келген азаматтар да бар. Қандастар мамандықтары бойынша жұмыс таба алмай жүр.

«Мысалы, мен парсы тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Парсы әдеби тілінің маманымын. Енді мұғалім болып істей алмайтын шығармын. Бірақ дұрыстау, өз мамандығыма сәйкес жұмыс болса деймін», - деді қандас Қадиша Адай.

Аудандық әкімдіктегілер баспаналарды сапасыз салған мердігерді сотқа берген. Олар кемшіліктердің орнын толтырулары міндетті. Себебі үйлер әлі кепілдікте. Ал қоныс аударушыларға жұмыс та, бау-бақшамен айналысамын дегендеріне жер де берген.

«Біреуінің де бүгінгі күні білімі жоқ. Мамандықтары жоқ. Қандай жұмыс ұсынылды? Күзгі уақыт болған соң, егін науқанына сағатына мың теңгеден төлеп жібердік. Николаевка ауылындағы шаруаларда 10-12 күн істеді. «Әрі қарай істемейміз деп отыр», - дейді Есіл ауданының әкімі Медет Оспанов.

Жалпы биыл өңірге 2,5 мың адам көшіп келеді. Тек жарты жылда 221 отбасы квота арқылы солтүстікке қоныс аударып үлгерген.

Серіктес жаңалықтары