Түркістан облысында ветеринарлар төрт түлікке екпе салынғаны туралы жалған құжат толтырған
Бұл фактілер прокурорлық тексеріс кезінде анықталды
Түркістан облысында төрт-түлікке екпе салу кезінде бірқатар заңбұзушылыққа жол берілген. Нақтырақ айтқанда, жұқпалы ауруларға қарсы екпе салынғаны туралы жалған құжат толтырылған. Ал іс жүзінде ірі қара мен ұсақ мал мүлдем егілмеген болып шықты. Бұл туралы Azattyq Ruhy Отырар телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Прокуратура жүргізген тексеру барысында аталған олқылықтар анықталған. Қадағалаушы орган өкілдері Түлкібас, Жетісай және Сайрам аудандарында сатылып кеткен малға да екпе егілді деп жалған есеп берілгенін айтты. Мысалы, Түлкібас ауданындағы 9 ауылдық округте тұрғындардың малы тіркеуге алынбай, егу жүргізілмей келген.
«Осылар бойынша ветқызметкерлерден, ветдәрігерлерден түсініктемелер алынды. Ұсынудың қаралу нәтижесімен бірқатар облыс көлеміндегі аудандардағы ветеринариялық пункттердің меңгерушілері, оның филиал басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады», - дейді Түркістан облыстық прокуратурасының аға прокуроры Асылбек Тұршеков.