$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Көршісінің атынан әуежай мен сауда орталықтарына «бомба қойған» елордалық азамат сотталды

Ол кек алу үшін ұялы телефонды көршісінің атына тіркеп, электрондық пошта ашып, жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарлама жіберген

Көршісінің атынан әуежай мен сауда орталықтарына «бомба қойған» елордалық азамат сотталды
фото: inbusiness.kz

Биыл 31-наурыз күні елорда мен Алматы қаласының халықаралық әуежайына және бірнеше ойын-сауық орталығының электрондық поштасына бомба қойылғаны туралы жалған хабарлама жіберген елордалық азамат 1 жарым жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының № 2 аудандық соты терроризм актісі туралы жалған хабарлау фактісі бойынша айыптау үкімін шығарды.

Іс материалдарынан белгілі болғандай, көршісінің тыныштық сақтамағанына ашуланған азамат ұялы телефон сатып алып, оны көршісінің атына тіркеген және оның атынан электрондық пошта ашқан. Кейін «Алматы қаласының халықаралық әуежайына», «Lexus Astana», «Мусаг» автосалондарына, «Хан Шатыр», «Abu Dhabi Plaza», «Mega Silk Way», «Mega Park» сауда – ойын-сауық орталықтарына, «Ренко» мекемесіне, «Меga Alma-Ata» ойын-сауық орталығына «Сіздерде бомба қойылған» деген хат жіберген.

Сонымен қатар ол жауапкершілікті көршісіне жүктеу үшін ұялы телефонды оның пәтерінің қасындағы баспалдаққа қалдырып кеткен. Телефонды көршісінің кәмелетке толмаған қызы тауып алып әкесіне берген және ол ұялы телефонды пәтерінде сақтаған.

«Оның кінәсі қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді. Өзінің кінәсін толық мойындап, жасаған әрекеті үшін өкінді. Сот үкімімен 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», - деп көрсетті Нұр-Сұлтан қаласының соты.

Серіктес жаңалықтары