Ғалымдар Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беруді сұрайды
Олар ғылым ордасының акционерлік қоғам болуына қарсы
Ғалымдар Ұлттық ғылым академиясы мемлекеттік мәртебе алып, Үкімет есебінен қаржыландырылуы қажет деп отыр. Олар ғылым ордасының акционерлік қоғам болуына қарсы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 31 арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Айтуларынша, академияның мерейтойлық сессиясына қатысқан президент ғылым ордасына мемлекеттік мәртебе беру туралы тапсырма берген. Бірақ оның өзі бұрмаланып, мүлде басқа арнаға ауды дейді ашынған ғалымдар. Яғни, министрлік әу бастан-ақ академияның коммерциялық емес, акционерлік қоғам болып қалуына мүдделі екен. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтан академияның мемлекет қарамағына өтіп, 100 пайыз бюджеттен қаржыландырылуын сұрап отыр.
Бір топ ғалым Ғылым және жоғарғы білім министрімен кездесіп, академияға мәртебе беру мәселесін талқылаған. Соның нәтижесінде академияның жұмысын реттеп, қайта ұйымдастыру үшін арнайы комиссия құрылыпты. Құрамына ғылым ордасынан бес, министрліктен бес адам енгізілген. Олар алдағы бір айда осы тақырыпты жан-жақты зерттеп, зерделейді.
Кейбір ғалымдардың сөзінше, ғылым мемлекет мүддесіне жұмыс істеуі, әрі қарай дамуы үшін үкіметтен қамқорлық керек екен. Әрі академия құрамындағы ғалымдар халықтың жайын ойлап барып, жұмыстарын үйлестірсе деп отыр. Себебі күні бүгінге дейін ғылыми қауымдастық саяси элитаның берген тапсырмасын орындауды басты мақсат етіп келіпті. Яғни, шенеуніктер тапсырған норманы негіздеп беруге мәжбүр. Болмаса, бюджеттен қаражат берілмейді.
Ал ғылым министрі салада бірқатар проблемалардың барын жасырмады. Бірақ алдағы уақытта бәрін бір жолға қойып, жүйелеймін деп уәде етті. Айтуынша, президент берген тапсырма толық орындалады.
Сондай-ақ, министр магистрлар мен докторанттарды мазалаған кейбір мәселелерге тоқталды. Сөзінше, қазір ғалымдардың ағылшын тілін білуі шарт. Себебі ғылыми зерттеулердің 85 пайызы шет тілде жазылады екен. Әрі Қазақстан дүниежүзілік ғылымның ажырамас бөлігі ретінде шетте қала алмайды деді. Бірақ ғылымның дамуын шектеуші фактор тіл мәселесі екенін мойындайды.