Соттан кейін Ақжарқын Тұрлыбайды экстрадициялау сатысына көшеміз - СІМ
Осы жылдың 3 қыркүйегінде есірткі контрабандасымен айыпталған Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты қылмыстық іс қайта қозғалды
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қытайда қамауға алынған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі inform.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Президент Қытайда болды, ол ресми түрде жоғары деңгейде бұл мәселені позитивті түрде қарауды сұрады. Бірақ сіздер сот процесінің жалғасып жатқанын білесіздер, сондықтан біз күтеміз. Соттан кейін біз оны берілуіне, экстрадициялау сатысына көшеміз», - деді Мұхтар Тілеуберді журналистерге «Нұр Отан» партиясында азаматтарды қабылдау аясында.
Еске салсақ, Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында ҚХР-ға жасаған сапарында Қытайда қамауға алынған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбай туралы мәселені көтерді.
Ағымдағы жылдың 3 қыркүйегінде Гуанчжоу сотында есірткі контрабандасымен айыпталған Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты қылмыстық іс қайта қозғалды. Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурыз айында Гуанчжоу әуежайында 4,5 келі есірткі (амфетамин) контрабандасы үшін ұсталған болатын. Ол Малайзияға сәнді киімде курьер ретінде ақша табу үшін барған. Қыз есірткіні оған әдейі салып жіберді деп ақталады. Бұл қылмысты жасағаны үшін Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды.