Елордалықтар «Қазақстан» спорт сарайы құрылысының баяу жүріп жатқанына наразы
Депутаттың пайымынша, жоба өте баяу жүргізіліп жатыр
Елорда тұрғындары «Қазақстан» спорт сарайы құрылысының баяу жүріп жатқанына наразы. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Алмат Жүнісов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
. «Мәслихат депутаттары мемлекет пен жеке серіктес арасындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестестік келісімшарттарын қайта қарау мүмкіндігіне қатысты мәселе көтерген еді. Осы жылдың маусымында мәслихат «Қазақстан» спорт сарайын зияткерлік технологияларды пайдалана отырып жаңғырту және одан ары пайдалану бойынша мемлекеттік-жекешелік серіктестік жобасын қарады», - деді Алмат Жүнісов қалалық мәслихат отырысында.
Оның пайымынша, жоба өте баяу жүргізіліп жатыр. Құрылыс мерзіміне қатысты да сұрақтар бар.
«Жобалық-сметалық құжаттамаға сараптама жүргізілген. Дегенмен, тұрғындар тарапынан сұрақ көп. Қала тұрғындары «Қазақстан» спорт кешені бірнеше жыл бойы қандай себептермен жұмыс істемей тұрғанын білгілері келеді», - деді депутат.