Пойыздар ауа райына байланысты діттеген жеріне кешеуілдеп жететін болады – ҚТЖ

Автор: Azattyq Rýhy

Локомотив бригадаларына аптап ыстық кезінде пойыздарды ерекше тәртіпте ұстау тапсырылды

Фото ашық дереккөзден

ҚТЖ елімізде пойыздардың жылдамдығы бәсеңдейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қазіргі уақытта солтүстік және шығыс облыстарда ауа температурасы +40°С, оңтүстік және батыс облыстарда +45°С дейін көтерілді. ҚТЖ-ның хабарлауынша сыртқы температура +40°С - 45°С болған кезінде рельстер + 58°С - 62°С дейін қызады.

«Сондықтан «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында пойыздар қозғалысының жылдамдығына шектеулер қойып отыр. Осыған байланысты пойыздар діттеген жеріне кешеуілдеп жетеді. Компания келтірілген қолайсыздықтарға жолаушылардың түсіністікпен қарауын сұрайды.⠀

Қолайсыз ауа-райы пойыз машинисінің жұмысын да айтарлықтай қиындататыны бар. Локомотив бригадаларына аптап ыстық кезінде пойыздарды ерекше тәртіпте ұстау тапсырылды», - делінген хабарламада.