ҰБТ: 100-ден астам талапкердің нәтижесі қайта тексеруге жіберілді
Ұлттық тестілеу орталығының басшысы ақпараттық қауіпсіздіктің ерекше бақылауда екенін ескертті
Қазақстан бойынша өтіп жатқан Ұлттық бірыңғай тест тапсыру кезінде ережелерді бұзудың жаңа деректері тіркелді. Бүгінде 100-ден астам талапкердің нәтижесі қосымша тексеруге жіберілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев 15 күндік іссапардан оралғанын, осы уақыт ішінде Павлодар, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жетісу облыстары мен Шымкент, Алматы қалаларында орналасқан 17 тестілеу орталығын аралап шыққанын мәлімдеді.
«Талапкерлермен және 40+ градустық ыстықта бірнеше сағат бойы балаларын жақсы нәтижемен күтіп тұрған ата-аналармен кездестім. Тестілеу орталықтарында ҰБТ өткізу барысын қадағаладым. Өздеріңіз білетіндей, менің WhatsApp-нөмірім барлық өтініштер мен арыздар үшін ашық. Осы сапарда оқуға түсушілер шағым түсіретін орталықтардың жұмысына ерекше көңіл бөлінді», - деп атап өтті Руслан Емелбаев Instagram-парақшасында.
Ол өкінішке қарай, еліміздің қасиетті жерінде орналасқан орталықта ережелерді жаппай бұзу деректері тіркелгенін расталды.
«Технологиялар дамыған заманда академиялық адалдық қағидаларын бұзу тәсілдерін анықтау оңай емес. Қазір тестіленушілер қолдан жазылған көмекші құралдарды пайдаланбайды. Тіпті смартфондардың өзі шпаргалка ретінде қолданыстан шығып жатыр. Мысалы, кейбір тестілеу орталықтарында талапкерлер ҰБТ-ны бөгде тұлғаларды көмегімен компьютерге қашықтықтан қосылу арқылы тапсыруға тырысқан. Тиісті шаралар қабылданып, іс құзыретті органдарға берілді», - деді Р. Емелбаев.
Ұлттық тестілеу орталығының басшысы ақпараттық қауіпсіздіктің ерекше бақылауда екенін ескертті.
«Анықталған жағдайдан соң орталық қызметкерлерінің осы заңбұзушылықтарға қатысы туралы күмән туындады. Сондықтан қызметтік тексеріс жүргізіледі. Ал 100-ден астам талапкердің нәтижесі қайта тексеріліп жатыр. Ереже бұзушылық анықталған жағдайда жинаған ұпайлары жойылып, олар грант конкурсына қатысу мүмкіндігінен айырылады», - деді Р. Емлебаев.
Ол тестіленушілерге ҰБТ аяқталуына бір-ақ апта қалғанын, қазір екінші мүмкіндікті пайдаланып, тәуекелге бармауды ескертті, сондай-ақ ҰБТ-ны сәтті аяқтауға тілектес екенін жеткізді.