ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 794 адамнан коронавирус анықталды

Нұр-Сұлтанда Абайтану ғылыми-танымдық орталығы ашылды

Шара ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған

Фото: astana.gov.kz

Елордада №87 мектеп-гимназиясында Абайтану ғылыми танымдық орталығы ашылды. Салтанатты шараға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мектеп директоры Айгүл Оңдағанқызы өз сөзінде шараның ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырғанын айтып өтті.

«Қазақтың ұлы ойшылы, бас ақыны Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына орай ол кісінің ғибратқа толы мол мұрасын жас ұрпаққа сусындату мақсатында Абайтану ғылыми танымдық орталығы ашылғалы тұр. Бұл орталықты ашудағы мақсатымыз – жас буынға, өскелең ұрпаққа ұлы ақынның тағылымдық мұраларын дәріптеу. Жастарымыз Абай атамыз айтқандай жүрегі жылы, қайраты ыстық, ақылы нұрлы, білімді болары сөзсіз», - деді ол.

Әкім орынбасары Бақтияр Мәкен, ата-аналар қамқоршылары кеңесінің төрағасы Гүлнар Мансұрқызы және бала Абай бейнесін сомдап жүрген мектеп оқушысы Ілияс Мықтыбек орталықтың лентасын қиып, салтанатты түрде ашты. Орталықтағы ең құнды мұраның бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлының келіні Бәтиманың бөртпе шәлісі.

«Бүгінге дейін біраз дүниелерді жоғалтып алдық. Өткен күзде №87 мектепке ұлы ақынның есімі берілген соң оқу ордасы жанынан ғылыми танымдық орталығын ашып отырмыз. Бұл орталық енді үш кезеңге бөлініп жұмыс істейтін болады: «Бала Абай», «Ақын Абай», «Хакім Абай». Мұнда балаларға қажет дүниенің бәрі қойылды. Біз оқушы қауымға Абайдың ақын болып қалыптасқанын, оның әкесі Құнанбаймен, әжесі Зеремен байланысын, оның ел арасындағы тапқырлық аңыздарын айтпаймыз. Біз Абайды бірден ақын етіп түсіре салғанбыз. Міне осы балалардың ұғынуына қиындық тудырып жатыр. Біз әр баланың деңгейіне қарай кезең-кезеңіне бөліп қамтуымыз керек», - деді Жазушылар одағының мүшесі Алмахан Мұхамедқалиқызы.