Қазақстанда тұрмыстық қалдықтардың 20 пайызы ғана қайта өңделеді
Елімізде жылына орта есеппен 5 млн тонна тұрмыстық қалдық жиналады
Мамандар болжамынша 2050 жылға қарай әлемдегі тұрмыстық қалдықтың көлемі 70%-ға артып, 3,4 млрд тоннаға жетуі мүмкін. Уақыт озған сайын бұл көрсеткіш көбейе бермек. Тұрмыстық қалдықтар мәселесі - әлемдегі күрделі экологиялық проблемалардың біріне айналды. Бұлай жалғаса берсе сіз бен біз мекендеген Жер шары алып қоқыс полигонына айналуы әбден мүмкін. Ал Қазақстанда 3 мыңнан астам тұрмыстық қалдық полигоны бар. Оның 80 пайызға жуығында экологиялық және санитарлық талаптар сақталмайды. Қоқысты қайта өңдеу мәселесі де ақсап тұр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
ӘР АДАМ КҮНІНЕ 1,5 КЕЛІ ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚ ШЫҒАРАДЫ
Табиғатқа адамзаттан артық залал келтіретін тіршілік иесі жоқ. Жұмыр жерді мекендеген әр адам күніне орта есеппен 1,5 келі тұрмыстық қалдық шығарады. Ал қазақ даласында 22 млрд тонна қоқыс жиналған. Бұл арнайы есепке алынған мәлімет. Елімізде 3 мыңнан астам тұрмыстық қалдық полигоны бар. Оның 80 пайызға жуығында экологиялық және санитарлық талаптарға сай келмейді. Оның зардабын да өзіміз тартып отырмыз.
«Тұрмыстық қалдықтар тонналап, үсті-үстіне жиналып жатыр. Жерасты суларынан мұндай зиянды заттардан қорғап тұратын ешқандай қабат жоқ. Қоқыстан бөлінген сұйық, жерасты суына өтсе, экологиялық мәселенің көкесі болады. Елімізде қоқысты сұрыптап жинау мәселесі ақсап тұр. Қаңтар оқиғасынан кейін бұл мәселе тіпті кенжелеп қалды. Бұған дейін кәсіпкерлерге субсидие берілетін. Ол тоқтап қалды. Заңсыз қоқыс полигандарының жиналуы осыдан. Қоқыс шығаруға белгіленген тариф бір адамға орта есеппен 350 теңге. Бұл аз. Қаладан шығатын қалдықтардың 45 пайызы полиэтилен пакеттер мен бөтелкелер. Экология министрлігі полиэтилен пакеттерді қолдануға тыйым салуға тиіс болатын. Пандемия кезінде көптеген бизнес өкілдері қиындыққа тап болды да, бұл шаруа кейінге шегерілді. Болжам бойынша біз 2023 жылдан бастап бір реттік пакеттерден бас тартуымыз мүмкін. Оның орнына матадан тігілген дорбалар мен қағаз қаптамалар пайдаланылады. Біздің, яғни экологтардың көтерген мәселелері Экология министрлігіне жетіп жатқан жоқ. Өйткені аталған ведомствода жұмыс істейтіндердің дені тәжірибесіз. Олар ағаш отырғызумен ғана шектеліп отыр», - дейді «Тәжірибешіл экологтар қауымдастығы» өзін-өзі реттейтін ұйымы» басқармасының төрайымы Лаура Мәлікова.
ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТАРДЫҢ 20 ПАЙЫЗЫ ҒАНА ҚАЙТА ӨҢДЕЛЕДІ
Петропавлдық кәсіпкер Қайыржан Айсин шетелде тәжірибе шыңдаған. Қазір Қазақстанда қоқыс жинап, нәпақасын тауып жүр. Тұрмыстық қалдықтарды іріктеп, қайта өңдеуге тапсырады. Ол жергілікті халықтың экологияны қорғау мәдениеті қалыптаспағанын айтады.
«Бөлек контейнерлер тұрғанымен, көпшілік қоқысты бір пакетпен тастай салады. Өйткені олар тұрмыстық қалдықтарды полигонда жинаудың зардабы жайында ойланбайды. Біреулер экологияны сақтап қалу өз қолымызда екеніне сенбесе, екіншілеріне жалқаулық жар бермейді. Осыған қарамастан, Еуропа мемлекеттеріндегідей өмір сүруді армайндайды. Бірақ өздері жақсы өмір сүру үшін әрекет етпейді. Біздің табиғатымыз көркем, бай. Оған біз зиянымызды тигізбей, көздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз», - дейді петропавлдық кәсіпкер Қайыржан Айсин.
ХАЛЫҚТЫҢ ҚОҚЫС ЖИНАУ МӘДЕНИЕТІ ҚАЛЫПТАСПАҒАН
Елімізде жылына орта есеппен 5 млн тонна тұрмыстық қалдық жиналады. Оның 20 пайызы ғана өңделеді. Қалғаны полигондарда шіріп, қоршаған ортаны ластап жатыр. Қоқысты шикізат ретінде пайдаланып, кәдеге жарату жағы ақсап тұр.
«Халық контейнерлерге құрылыс қалдықтарына дейін салады. Тіпті тұрмыстық техника мен жиһаз да кездеседі. Бұны көргенде қоқысты іріктеп жинау жөнінде айту тіпті қиын. Зардабын біз тартып отырмыз. Не жатса да көлікке артып, алып кетуге күш саламыз. Дамыған елдер жарамсыз болып қалған заттарды жөндеп, қайта кәдеге жаратады. Бір бөлшегін де тастамайды. Біздің қоқыс есік алдында тау болып үйіліп жатады», - дейді жүк көлігінің жүргізушісі Сергей Благовенко.
Соңғы 50 жылда жер бетінде пластиктің 6,5 миллиард тоннасы өндірілген. Оның тек 10 пайыздан астамы қайта өңделсе, 15 проценті өртелген.
Алматы облысында 400-ге жуық заңсыз қоқыс алаңдары анықталды. Тұрмыстық қалдықтар бейберекет тасталған орындарды табуға ғарыштық бақылау септігін тигізді. Тек Талдықорған қаласы маңынан 40-тан астам осындай заңсыз полигон табылған. Басым бөлігі Алматы маңында. Мұны мамандар ешқайда шықпай ақ жер серігімен түсірілген суреттерден қарап біліп отырады. Биылдың өзінде 389 нүкте табылып, 59 лауазымды тұлғаға 4 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Елорда маңындағы жағдай да осы. Астана іргесіндегі елді мекендерде де тұрмыстық қалдық полигондарының мәселесі шешімін таппай келеді. Мамандардың пікірінше, жағымсыз үрдіске тосқауыл болмаса арты экологиялық апатқа алып келуі мүмкін.