Павлодар облысында қант зауыты қашан іске қосылады

Azattyq Rýhy

Зауыт жылына 152 мың тонна қант шығарады

Павлодар облысында қант зауыты қашан іске қосылады
Фото ашық дереккөзден

Жаңа жоба қуаты 120 мың тоннаға дейін қант өндіруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысының әкімі қант зауытын салу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталуға жақын екенін мәлімдеді.

Ол әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асырумен «Павлодар» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы айналысатынын еске салды.

«Жобаның ерекшелігі – зауыт шетелден әкелінетін қант шикізаты емес, қант қызылшасы өзімізде салынады деп жоспарланып отыр. Жобалық-сметалық құжаттама аяқталу сатысында, содан кейін жоба мемлекеттік сараптамаға тапсырылады», – деп нақтылады Әбілқайыр Сқақов.

Өңір басшысы зауыттың бастапқы жобасында кемшіліктері болғанын айтты.

«Жобалаушыға 100-ден астам ескерту жасалды. Жоба технологиялық тұрғыдан өте күрделі, өкінішке қарай, бұл салада біздің құзыретіміз жоқ. Жалпы 900 мың тоннадан астам қызылша өңдеу, өсіру жоспарланып отыр», - деді облыс әкімі.

Әбілқайыр Сқақов жобаны одан әрі іске асыру үшін тәжірибелі мамандар қажет екенін атап өтті.

«Осы жылдың соңына қарай мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алуды жоспарлап отырмыз және жобаны нақты бағалаудан кейін инвестор іздестірумен белсенді түрде айналысамыз», – деді өңір басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, қант зауытын салу мәселесі бұрыннан көтерілген болатын. Жобаға бірден екі инвестор қызығушылық танытты, олардың бірі жобаға қатысқанын растады. Осы жобаны іске асырудың арқасында облыста ішкі нарықты жергілікті өнімдермен қамтамасыз ету, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және қант бойынша импортқа тәуелділікті алып тастау жоспарланып отырғаны хабарланды.

Кәсіпорын 2025 жылға дейін Ақсу қаласында іске қосылады деп жоспарланған. Бұған дейін «Павлодар» ӘКК жобаны 106 млрд теңгеге бағалайтынын хабарлаған болатын. Зауыттың қуаттылығы жылына 152 мың тонна қантты құрайды. Кәсіпорын 370 адамды жұмыспен қамтиды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.