Енді қаржы пирамидасын жарнамалағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады

Автор: Azattyq Rýhy

Сенат қаржы пирамидаларының қызметіне қарсы заң жобасына түзетулер қабылдады

Фото: elements.envato.com

Сенаттың жалпы отырысында депутаттар қаржы (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасына түзетулер қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Құжат қорытындысында атап өтілгендей, заңның мақсаты қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құрғаны және басқарғаны үшін жауапкершілікті күшейту.

«Сондай-ақ ақпаратты жарнамалағаны немесе таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті заңдық тұрғыдан реттеуді қамтамасыз ету. Заң қаржылық пирамидадан зардап шеккен азаматтар арасындағы әлеуметтік шиеленісті азайтады», - деді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

Заң жобасы арқылы қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Парламент депутаттары бастамашы болған заң жобасы қаржы пирамидалары мен қаржылық алаяқтықпен күресу, осы тәріздес қылмыстарды бастапқы кезеңде тоқтату, финпирамидаларды жарнамалауды қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында әзірленген.

Заң жобасындағы нормалардың бірі – қаржы пирамидаларын жарнамалауға қатысқан азаматтар жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.