Көкшетау қаласында контрабандалық темекі өнімдерін сатпақ болғандар ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

34 500 дана темекі өнімі табылып, тәркіленді

Фото ашық дереккөзден

20 миллион теңгеге контрабандалық темекі өнімдерін Көкшетау қаласының дүкендерінде сатпақ болған. ҚМА Ақмола облысы бойынша аумақтық департаментімен заңсыз кәсіпкерлік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Azattyq Ruhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Газель» маркалы автокөлікті тексеру барысында акциздік таңбалары жоқ 34 500 дана темекі өнімі табылып, тәркіленді.

«Темекі өнімдері көлікке Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әмір» әмбебап базарының аумағында тиеліп, Көкшетау қаласына жөнелтілген. Жедел іздестіру кезінде сол маркадағы темекілер табылды.

Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараты бойынша 34 500 дана темекінің құны 20 355 000 теңгені құрайды. ҚР КПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне қатысты өзге де мәліметтер жария етілмейді», - делінген хабарламада.