Иван Дычко аргентиналық қарсыласын жеңді
Ол осымен 12 кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жетті
Қазақстандық боксшы Иван Дычко (11-0, 11 КО) Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өткен бокс кешінде өнер көрсетті. Бұл туралы Azattyq Ruhy Sports.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол бокс кешінде аргентиналық Кевин Эспиндоламен (7-3, 2 КО) жұдырықтасты. Суперауыр салмақтағы жекпе-жек 10 раундқа есептеліп, соңына дейін созылды. Жекпе-жектің нәтижесінде Иван Дычко төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.
Иван Дычко осылайша кәсіби спорттағы 12-жеңісіне қол жеткізді. Ол бүгінге дейінгі кездесулерінің бәрін мерзімінен бұрын жеңіспен аяқтаған болатын.
Мұның алдында ол былтыр желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында 45 жастағы ресейлік Александр Устиновпен (36-6-1, 27 КО) қарсы күш сынасты. Ол қарсыласын алғашқы раундта-ақ техникалық нокаутпен жеңді.
Дычконың бүгінгі қарсыласы – Кевин Эспиндола осымен төртінші рет жеңіліп отыр. Ол биыл сәуірде төрешілердің бірауыз шешімімен жерлесі Науэль Паласиостадан (1-7, 0 КО) басым түскен болатын.