Оқу-ағарту министрлігі бұл мәселеге мүлде араласа алмаймыз деп отыр
Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектептеріне құжат тапсырған қазақ тілді балалардың ата-аналары дискриминацияға ұшырағанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyh Ruhy.
“Халық үні” сайтына сұхбат берген ата-аналардың бірі Тимур Шынтаев қазақ тілінде білім алған баласының жоғарғы ұпай алса да, мектеп грантына түспей қалғанын айтып отыр,
«Менің балам 1174 балл жинап, қазақ тобында111-орын алды. Егер орыс тобына тапсыратын болса, 75-орынмен грантқа түсіп кетер еді. Біздің жалғыз ғана айыбымыз - қазақ болып туып, қазақша оқығанымызда болып тұр. Мектептің басшылығына үш рет бардым. Бірінші күні алтыға дейін жұмыс істейтін қызметкерлер төртте кетіп қалған. Екінші күні директор жоқ деді. Үшінші күні директор қабылдамайды, сайтқа кіріп алдын ала жазыласыз деп айтты. Мен сонымен өзімнің наразы екенімді айтып кеттім. Білім министрлігіне, Президент әкімшілігіне жаздым. Әзірге ешқандай жауап берген жоқ. Қашан жауап беретінін білмеймін», - дейді Шынтаев өз сұхбатында.
Тимурдың ұлы сияқты білімі өте жоғары, алайда, білім алған тілі мемлекеттік тіл болғаны үшін ғана оқуға түсе алмаған балалар көп.
Осыған қатысты түсініктеме берген Оқу-ағарту министрлігі Назарбаев зияткерлік мектептерінің грант бөлу мәселесіне мүлде араласа алмаймыз дейді.
“Көпшілік НЗМ мектептері министрлікке бағынысты деп санайды. Осы орайда «НЗМ» ДББҰ-ның толық дербестігін қамтамасыз ететін арнайы заң бар екенін еске салғымыз келеді. Яғни, НЗМ мектептері Оқу-ағарту министрлігіне бағынбайды. Сәйкесінше, тілдер бөлінісінде квота бөлу, сыныптарды жабдықтау, жаңа мектептер ашу мәселелерін министрлік емес, Қамқоршылық кеңесі шешеді. Түсіндіретін бір ғана мәселе бар. Дәлірек айтқанда, министр гранттарды тағайындау жөніндегі комиссияның төрағасы екені тарихи түрде қалыптасқан, алайда оның сыныптарға қабылдау, сыныптарды жинақтау және оны ашу саясатын анықтауға құқығы жоқ. Сондықтан төраға қызметі қайта қаралады. Негізгі шешімдерді қабылдайтын адамдар конкурс комиссиясына төрағалық етуі керек”,-делінген министрлік таратқан хабарламада.