Павлодар облысында асфальт төсеу кезіндегі заң бұзушылықтар анықталды
Мердігерге ақауларды жойып, бір шақырымға жуық жолды қайта асфальттау тапсырылды
Павлодар облысында тексеру барысында асфальтті төсеу кезіндегі заң бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы облыстық филиалының мәлімдеуінше, Павлодар ауданындағы Шақат ауылында ішкі жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мердігер бұрын асфальт болмаған М.Мәметова, Механизатор, Бейбітшілік, Әбдіков көшелеріне асфальт төсеген.
Жұмыс сапасын бақылауды орталық филиалының қызметкерлері жүзеге асырды.
"Сарапшылар жол жабындысының сапасын тексеру үшін 14 сынама алды. Зертханалық сараптама нәтижелері бойынша 6 сынама асфальт қалыңдығы, тығыздық коэффициенті және суға қаныққандығы бойынша стандарттарға сәйкес келмейді. Өрескел ереже бұзушылыққа жол берілген және міндетті түрде түзетуді талап етеді", - деп түсіндірді сапа орталығының инженері Марат Валиев.
Мердігерге анықталған ақауларды жойып, бір шақырымға жуық жолды қайта асфальттау тапсырылды.
Айта кетейік, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Шақат ауылының көшелеріне асфальт төсеуге 100 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта жұмыс 80 пайызға орындалды. Тағы 4 көшеде жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс.