42 млн теңгенің тәркіленген тауарлары әлеуметтік мекемелерге таратылды

Автор: Azattyq Rýhy

Кеденшілердің айтуынша бұл тауарлар ЕАЭО арқылы Венгрияға транзитпен өткізілмек болған

фото: www.gov.kz

Шығыс-Қазақстан облысының уақытша сақтау қоймасынан құны 42 млн. теңгені құрайтын тәркіленген тауарлар 16 әлеуметтік мекемеге берілді. Әлеуметтік мекемелердің ішінде балалар үйлері мен қарттар үйлері бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2021 жылдың сәуір айында "Бақты" кеден бекетінде құны 42 млн. теңге болатын 982 қорап декларацияланбаған аяқ киім, киім-кешек, ойыншықтар мен өнерге арналған заттарды тәркілеген.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәлімдеуіне қарағанда, бұл тауарлар ЕАЭО арқылы Венгрияға транзитпен өткен. Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде Семей көлік прокуратурасы қаулы шығарып, оның аясында заттай дәлелдемелер болып табылатын халық тұтынатын тауарлар кері экспорт кедендік рәсіміне орналастыру үшін ШҚО бойынша МКД-ға берілді.  Алайда тасымалдаушы да, тауардың иесі де кері экспорт кедендік рәсімін мәлімдеу үшін шаралар қабылдамады. Сондықтан бұл тауарлар уақытша сақтау қоймасына орналастырылған болатын», -делінген хабарламада.

Департамент тұрақты жұмыс істейтін комиссиямен одан әрі пайдалануға жарамды және сатылмаған тауарға қатысты жергілікті атқарушы орган арқылы балалар, қарттар мен мүгедектер үйлеріне, балабақшаларға, мектептерге, медициналық-әлеуметтік мекемелерге не арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерге өтеусіз беру туралы шешім қабылдады.