ШҚО-да жүк пойызының 9 вагоны рельстен шығып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Цемент тиелген вагондардың үшеуі Ресейге тиесілі

фото: 24.kz

Шығыс Қазақстан облысында жүк пойызының вагондары рельстен шығып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«2022 жылғы 22 маусым күні сағат 01:26 Шығыс Қазақстан облысының Алтай – Күмістау теміржол учаскесінде жүк пойызының 9 вагоны рельстен шығып кетті. Цемент тиелген вагондар жеке операторлардың меншігі, оның ішінде үш вагон Ресейге, 6 вагон Қазақстанға тиесілі. Тергеуге қатысу үшін вагон иелеріне оқиға туралы хабарлама жіберілді», делінген «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ таратқан хабарламада.

Пойыз сағатына 36 шақырым  жылдамдықпен келе жатқан (бұл учаскеде белгіленген жылдамдық сағатына 40  шақырым). Жүк шығындалып, адам жапа шеккен жоқ. Апат салдарынан темір жолдың 150-200 метрі аумағы зақымдалған. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнына Өскемен және Аягөз станцияларынан қалпына келтіру пойыздары жөнелтілді. Бұл жағдай жолаушылар және жүк пойыздарының жүру кестесіне әсер еткен жоқ.

Істі тексеру үшін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ арнайы комиссия құрылды.