Ақжарқын Тұрлыбай ісі: Нигерия азаматын Қазақстанға экстрадициялау туралы сұрау жолданды

Автор: Мира Байбек

Қазақстандағы есірткі контрабандасына қатысы бар күдікті Нигерияда ұсталған болатын

Фото: ашық дереккөзден

Еліміздің Ішкі істер министрлігі Интерполдың Нигерия ҰОБ-на Ақжарқын Тұрлыбай ісіне қатысы бар күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау туралы сұрау жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Осы жылғы 20 маусымда Нигерияда Интерполдың Қазақстан Республикасы ІІМ-дегі Ұлттық Орталық бюросының сұрауы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 259-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыс (есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген Адиндо Нонсо Фортуне ұсталды.

Қазіргі уақытта оны қамауда ұстау және Қазақстанға одан әрі экстрадициялау туралы одан әрі процессуалдық шешім қабылдау мақсатында қажетті материалдар Интерполдың Нигерия ҰОБ-на жолданды», - делінген ҚР ІІМ баспасөз хабарламасында.

Бұған дейін Қазақстандағы есірткі контрабандасына қатысы бар күдіктінің Нигерияда ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.

Тақырыпқа орай: Ақжарқын Тұрлыбай ісі: контрабандаға қатысы болған нигериялық ұсталды

Еске салсақ, 2014 жылы студент Ақжарқын Тұрлыбай Гуанчжоу әуежайында төрт келіден астам синтетикалық есірткі тасымалдағаны үшін ұсталып, Қытайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын.

Бойжеткен өзінің есірткіден бейхабар екенін, өзіне Нигерия азаматының киім тасымалдау туралы ұсыныс айтқанын, сол үшін қомақты ақша төленетінін айтқан. Алайда Қытай оның уәждеріне еш жұмсармаған және өз еліне экстрадициялаудан бас тартты.

Ақжарқынның отбасы мен қорғаушылары оны Қазақстанға қайтарудан әлі де үмітті.