ШҚО-да көлік ұрлаған күдікті қолға түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Ол екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Фото: semeynews.kz

Ұлан ауданында гараждағы көлікті ұрлап кеткен ер адам ұсталды, деп хабарлайды Semeynews.kz.

7 маусымда Ұлан ауданы ПБ кезекші бөліміне ауданның 53 жастағы тұрғынынан арыз келіп түсті. Ол арызында белгісіз біреулер гараждан күйеуінің автокөлігін ұрлап кеткенін көрсеткен. Келтірілген шығын 6 миллион теңге.

«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдіктіні тауып, ізін суытпай ұстады, ол бұрын сотталған 40 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ұсталған адамға қатысты келу түрінде мәжбүрлеу шарасы таңдалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 200-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – делінген ведомство хабарламасында.

Еске сала кетейік, аталған баптың санкциясы бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.