Қазақстанда қант импортына нөлдік баж салығы қарашаға дейін ұзартылды
Бүгінгі таңда квота көлемін ұлғайту туралы келіссөздер жүріп жатыр
Премьер-министрдің орынбасары – ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің кезектен тыс отырысын қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аталған министрліктің баспасөз қызметі мәлім еткендей, отырыста Қазақстанның ақ қант пен шикі қанттың бажсыз импортына арналған квотаны 2022 жылғы 31 қазанға дейін ұзарту туралы ұсынысы мақұлданды.
«Бұл шара ішкі нарыққа импортталатын қантты жеткізу құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Қазір біз бірқатар елдермен қанттың үлкен көлемін жеткізу туралы келісім сөздер жүргізіп жатырмыз. Ал қарашаға қарай қазақстандық зауыттардан да, ЕАЭО елдерінен де жаңа дақылға қызылша қантын жеткізу басталады», - деп түсіндірді Б. Сұлтанов.
Сонымен қатар Қазақстан ақ қант пен шикі қанттың бажсыз импортына квота көлемін ұлғайту туралы келіссөздер жүргізіп жатыр.
«Қазіргі уақытта Қазақстанның квотасы 2022 жылғы тамызға дейін нөлдік импорттық кеден бажымен 350 мың тонна ақ қант пен шикі құрғақ қантын құрайды», - делінген ведомство хабарламасында.