Елімізде жеңілдетілген автонесие бойынша өтінімдерді екі банк қабылдайды
«Еуразиялық банк» АҚ және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ банктері бөлінген лимиттерді толық игермеген
Жеңілдетілген автонесиелерді қаржыландыру бағдарламасы бойынша өтінімдерді «Еуразиялық банк» АҚ және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ банктері қабылдайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған екі банк бөлінген лимиттерді толығымен игермеген. Бүгінгі таңда оларға кезекті транштар бөлінді:
«Еуразиялық банк» АҚ – 10 млрд теңге;
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ – 7,5 млрд.
Осылайша, бағдарлама аясында қатысушы банктерге 90 млрд теңге аударылды. Оның ішінде:
«Еуразиялық банк» АҚ – 25 млрд теңге;
«Банк Центр Кредит» АҚ – 27,5 млрд теңге;
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ – 22,5 млрд теңге;
«Forte Bank» АҚ – 15 млрд теңге аударылды.
Бөлінген транш игерілгеннен кейін 10 млрд теңге көлеміндегі қалған лимит «Еуразиялық банк» АҚ-на бөлінеді.
Бүгінгі таңда қатысушы банктер жалпы сомасы 82 млрд теңгеге 10 888 өтінімді мақұлдап, 4 847 автокөлікті шығарған.
«Айта кетерлігі, жалпы сомасы 90 млрд теңгенің бөлінбеген лимиті 8 млрд теңгені құрайды. Бұл сома шегінде автонесие алуға өтініштерді тек «Еуразиялық банк» АҚ мен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ қабылдайды. Бағдарламаға қатысушы қалған банктер бөлінген лимиттерді толығымен игерді», - делінген Қор хабарламасында.
Жаңа автонесиелерді одан әрі беруді қатысушы банктер бастапқы қарыз алушылардың өтелген кредиттік төлемдері есебінен револьверлік несиелеу механизмі шеңберінде жүзеге асыратын болады.