Бекжан Пірматов 15 шілдеден бастап ForteBank басқарма төрағасының міндетін атқарады
ForteBank директорлар кеңесі 15 шілдеден бастап Рейнис Рубенистің жеке себептерге байланысты басқарма төрағасы қызметінен мерзімінен бұрын кеткені туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Банктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Рейнис ForteBank-тің басқарма төрағасы лауазымына 2022 жылдың 10 қаңтарында латвиялық ірі Swedbank Latvia банкін бес жыл басшылық еткеннен кейін кіріскен болатын.
«Биыл геосаяси ландшафт қатты өзгергендіктен, менің отбасымның Қазақстанға көшуін қиындатты. Бұл мен үшін оңайға соқпаған, басқарма төрағасы қызметінен мерзімінен бұрын кету туралы қиын шешімнің негізгі себебі болды. Мен Латвияға ораламын», - деді Рейнис Рубенис өз шешіміне түсініктеме беріп.
2022 жылдың 15 шілдесінен бастап банктің басқарма төрағасының міндетін басқарма төрағасының орынбасары болған Бекжан Пірматов атқаратын болды.
Айта кетсек, Ұлттық банкті 2022 жылдың ақпан айынан бері Ғалымжан Пірматов басқарып келеді.