«Қазақ халқы шешендерді аштан өлтірмей, жарты нанына дейін бөліскен»: белгілі журналист Рамзан Қадыровқа жауап берді

1944 жылы ақпанда 500 мыңға жуық шешен Қазақстанға азық-түліксіз және жылы киімсіз жіберілген

«Қазақ халқы шешендерді аштан өлтірмей, жарты нанына дейін бөліскен»: белгілі журналист Рамзан Қадыровқа жауап берді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Белгілі журналист Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың жазбасына жауап берді. Сергей Пономарев Қазақстанды «құтқарған» Ресей деген Қадыровқа қарсы жауап беріп қана қоймай, оны сынап тастады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Журналист шешен ұлтының басына сынақ түскенде, оларды аштықтан алып қалған қазақ халқы екенін айтты.

«Рамзан Қадыров сенсациялық бейнежазбасында «Қазақстан егемендігін жоғалта жаздаған кезде Ресей құтқарды» деп ашық айтты. Егемендік туралы дауласқым келеді, бірақ мәні жоқ шығар. Мен не туралы айтқым келеді? Үшінші буындағы вайнахтардың есте сақтау қабілеті мұнша төмен деп ойламап едім. 1944 жылы ақпанда 500 мыңға жуық шешен Кеңес өкіметі басшылығының бұйрығымен Гитлердің жағына өтуге дайын ұлт ретінде Қазақстанға азық-түліксіз және жылы киімсіз жіберілді. Бұл бір ұлттың жер аударудағы ең үлкен көші-қоны болды», – деп жазды журналист.

Журналист күштеп қоныс аудару кезінде, тіптен шешендердің жолға жиналуына да мүмкіндік берілмегенін еске салды. Сонымен қатар, ол қазақ халқының ұзақ жолда ауыр азаппен жеткен шешендерге қалай көмектескенін де еске түсірді.

«Адамдарға тіпті жиналуға мүмкіндік берілмеді. Берия Лаврентий мерекеге ұқсас «іс-шараларды» жақсы көрді. Аязды күні, 23 ақпанда басталған «Жасымық» операциясы 9 наурызда аяқталды. Мен депортация күні бірінші шешен соғысы қарсаңында Грозныйда болдым. Репортаждар жасадым, жергілікті тұрғындармен сөйлестім. Елге оралғандардың бәрі көз жасын сығып, қазақтарға ризашылығын айтты. Қазақтар шешендерді қыс кезінде аштан өлтірмей, жарты нанына дейін бөлісті. Әлсіреген шешен балаларына баспана берді», - деп жауап берді Сергей Пономарев.

Сондай-ақ Шешенстанның тұңғыш президенті, генерал-майор Джохар Дудаевтың сұхбатында Қазақстан шешендердің екінші Отаны екенін көңілі босай отырып, шын жүректен айтқанын еске алғанын айтып өтті.

«Отанымыз баспана беріп, тамақтандырып, ұлтты сақтап қалды. Бұл жерде шешендердің қабірлері бар, Дудаевтың әкесі осында жерленген. Шешендер мейірімділік көрсеткен Қазақстан мен қазақтарды ризашылықпен еске алады. Рамзан Ахматұлының есіне салыңыздар, мүмкін ол кем дегенде бір минутқа ұялатын шығар», – деп түйіндеді Пономарев.

Еске салайық, бұған дейін Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымы елдеріне бейне үндеу жасап, ұйымға мүше елдерден Украинадағы оқиғаға қатысты ұстанымын айтуды сұраған.

«Ресей Қазақстанды құтқарды. Армения мен Әзербайжан арасында соғыс болған кезде Путин басты рөл атқарды. Қазақстан егемендігінен айырыла жаздаған кезде кім көмектесті? Ресей. Ешкімнен қорықпады.

Неліктен біздің ата-бабаларымызды өлтірген бандерлерге, ұлтшылдарға және фашистерге қарсы ұстанымдарың жоқ?» – деді Қадыров өзінің Telegram арнасында жариялаған видеосында.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.