Келер жылы Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген қаржы екі есеге қысқарады – Премьер-министр

Автор: Айжан Бақдаулетқызы

Аталған мәселеге орай Сенат депутаты сауал жолдады

Фото: inbusiness.kz

Келер жылдан бастап Ұлттық қордан алынатын трансферт екі есеге қысқартылады. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Аталған мәселеге қатысты Премьер-министрге сауал жолдаған Сенат депутаты Дархан Мыңбай «болашақ ұрпақтың несібесін құлшына жұмсауымыздың» нәтижесіз екенін алға тартты.

«Соңғы жылдары біз бюджет кірісіне қарағанда шығысының қарқынды өсіп жатқанын байқап отырмыз. Біз экономиканы дамытуға бөлінген триллиондық ақшаның мультипликативтілігін көре алмай келеміз. Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының үшінші бес жылдығының екі жылы өтті. Ал бюджет кірістері құрылымында экономиканың шикізат секторы әлі де айқындаушы фактор болып отыр. Неліктен осы уақытқа дейін мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асырудың нәтижелері бюджеттің кіріс бөлігінде тиісті дәрежеде көрсетілмей келеді? Біз ұлғаяды деп күтіп отырған өндірістік сектордың қайтарымы қайда? Шынында да, іс жүзінде Ұлттық қордың қаражатын, болашақ ұрпақтың несібесін құлшына жұмсай бастадық. Қолданыстағы бюджет шығыстарына сапалы, терең талдау жасалып, тиісті қорытынды қашан жасалады?», - деді Дархан Мыңбай.

Ал өз кезегінде депутат сауалына жауап берген Әлихан Смайылов мемлекеттік бюджеттердің республикалық түсімі жылдан-жылға артып жатқанын, соның нәтижесінде келесі жылдан бастап Ұлттық қор трансферттері қысқаратынын мәлім етті.

«Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы 2007 жылдан бастап іске қосылған. Осы уақыттың ішінде 1700 жобалар іске асырылды, 150 мыңнан астам тұрақты жұмыстар құрылып, өңдеу өнеркәсібінің үлесі алты есеге өсті. Осы салаға құйылатын негізгі капиталға инвестициялар төрт есе өсті. Өңдеу өнеркәсібінен бюджетке түсетін салықтық өсімдер бес есе өсіп, 2 трлн теңгені құрады. Жалпы, мемлекеттік бюджеттің түсімдері өсуде. Мысалы, республикалық бюджеттің өз түсімі былтыр 12% өссе, биыл 40% өсіп отыр. Соның нәтижесінде келер жылы Ұлттық қордан алатын кепілдендірілген трансферттерді екі есе қысқартатын боламыз», - деді Премьер-министр.