Аталған бағдарламаға әкімдікте кезекте тұрғандар қатыса алады
Бүгіннен, яғни 20 маусымнан бастап 19 шілдеге дейін «Отбасы банкі» «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға өтінімдер қабылдай бастайды. Өтінімдер otbasybank.kz платформасында қабылданады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Аталған бағдарламаға келесі санаттар бойынша әкімдікте кезекте тұрғандар қатыса алады:
көп балалы отбасылар;
мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар;
толық емес отбасылар (неке бұзылған сәттен бастап кемінде 3 жыл өтуі керек).
«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушылар үшін несие сомасынан 10% бастапқы жарнамен 2% жылдық мөлшерлемемен несие беріледі. Несие мерзімі – 20 жылға дейін.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы жергілікті әкімдіктер арқылы салынған несиелік тұрғын үйді немесе үміткердің таңдауы бойынша (бастапқы, орта) кез келген басқа тұрғын үйді сатып алуға болады.
Несиенің ең жоғары сомасы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және олардың қала маңындағы аудандарында, Шымкент, Ақтау, Атырауда 15 миллион теңгеге дейін және басқа өңірлерде 10 миллион теңгеге дейін болады. Қарыз алушы жылжымайтын мүлікті тұрғын үй кезегінде тұрған аймақтан сатып алуы керек.