$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Су ресурстарына жауапты министрлік құратын уақыт келді – Мәжіліс депутаты

Су саласының бағыттарын басқару мен реттеу үш министрлікке бөлініп берілген

Су ресурстарына жауапты министрлік құратын уақыт келді – Мәжіліс депутаты
Фото ашық дереккөзден

Елімізде су тапшылығы мәселесін шешуде бірнеше министрлік бірлесіп жұмыс атқаруда, алайда нәтижесі көңіл көншітпейді. Төменгі палата депутаты, Парламенттік тыңдауды дайындау жөніндегі арнаулы уақытша комиссиясының жетекшісі Еділ Жаңбыршин Үкіметтің жұмысы мардымсыз екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattq Ruhy тілшісі.

Мәжіліс депутаты баяндамасының басында ведомстволар қаншама тұжырымдама мен бағдарламалар қабылдап жатса да, әлі күнге дейін шешімін таппаған сұрақтар бар екенін баса айтты.

«Парламенттік тыңдауға дайындық кезінде біз өңірлердің және экономикалық секторлардың болашақта даму тенденциясы ескерілген, кешенді ғылыми зерттеулердің негізінде жасақталған су ресурстарына қатысты стратегиялық жоспарды көре алмадық. Болашақта су қорымыздың потенциалы қалай өзгереді және суға деген сұраныстың деңгейі қандай болмақ? Жүйелі түрде болжанған талдаулар бар ма? Алдағы онжылдықта елімізде сумен қамтамасыз ету қалай іске аспақ? Сұрақ көп», - деді ол.

Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, қазіргі уақытта экономика салаларын және тұрғындарды сумен қамтамасыз ету үшін еліміздің су ресурстарының потенциалы әлі толық зерттелмеген және бағаланбаған. Осыған орай ол Экология министрлігінде дайындалып жатқан су тұжырымдамасын 2030 жылға дейін ұзартуды ұсынды.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты су мәселесімен айналысып жатқан үш министрліктің де жұмысын сынға алды.

«Су саласының бағыттарын басқару мен реттеу үш министрлікке бөлініп берілген. Тіпті трансшекаралық су ресурстарымен Сыртқы істер министрлігі де айналысып отыр. Бақташы көп, нәтиже мардымсыз. Көрші мемлекеттерді алып қарасақ, оларда су шаруашылығымен тиісті министрлік немесе агенттік айналысып отыр. Сондықтан су саласына жауапты және ҚР атынан халықаралық деңгейде тиісті министрлік құрудың уақыты келді», - деді Еділ Жаңбыршин.

Серіктес жаңалықтары