Маңғыстау облысы ауызсу тапшылығы бойынша көш бастап тұр
Өңірде жазғы кезеңде тәулігіне 51 мың текше метр ауызсу тапшылығы туындайды

Ел бойынша барлығы 6 302 ауылдық елді мекен болса, оның ішінде 4 759-ы сумен қамтамасыз етілген. Қалған 1 543 ауылдық елді мекенді сумен жабдықтау үшін кезең-кезеңімен қамтамасыз ету жоспары әзірленді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Мәжілістегі Парламенттік тыңдауда мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба шеңберінде сумен жабдықтау қызметтеріне 100 пайызға қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін Республикалық бюджеттен 498 млрд теңге, оның ішінде ауылдарға 261 млрд теңге қарастырылған. Биыл ауылдарға 95 млрд теңге көзделген, бұл жыл қорытындысы бойынша ауыл халқының ауызсумен қамтамасыз етуін 94,7 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді», - деді ведомство басшысы.
Ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету бойынша тізімнің басында Маңғыстау облысы тұр. Бірақ тұщы су көздерінің жетіспеушілігіне байланысты, әсіресе жазда, халыққа су кесте бойынша беріледі екен.
«Жазғы кезеңде тәулігіне 51 мың текше метр ауызсу тапшылығы туындайды. Өңірдің даму деңгейін ескере отырып, тапшылық 2025 жылға қарай тәулігіне 110 мың текше метрді құрайтын болады. Аталған проблеманы шешу мақсатында Маңғыстау облысының әкімдігі 8 тұщыландыру зауытын салуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған, бекітілген кешенді жоспары шеңберінде қаржыландырудың барлық көзінен 232 млрд теңге жұмсалмақ. Оның ішінде республикалық бюджеттен 83 млрд теңге қарастырылмақ», - деді Өскенбаев.
Ал солтүстік өңірде ауызсумен жабдықтау көздері географиялық тұрғыдан жоқ. Аймақтағы ауылдарды сумен қамтамасыз ету топтық су құбырлары арқылы жүргізіледі. Алайда бұл ретте олардың басым бөлігінің тозығы жеткен. Мысалы Солтүстік Қазақстан облысын ауызсумен қамтамасыз ететін Преснов, Булаев және Есіл топтық су құбырлары 1970 жылдары салынған және бүгінгі күні реконструкциялауды қажет етеді.
Сонымен қатар министр халықтың демографиялық өсуіне және көші-қонына байланысты 50 ауылда суқұбыры желілерін кеңейтудің қажеттігін атап өтті.
Бұдан бөлек, ведомство басшысы бүгінге дейін 54 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы жоспарының орындалмағанын ескерді.
«Оның ішінде қазіргі таңда 15 ауылда іздеу-барлау жұмысы жүргізілуде (Түркістан – 9, Алматы – 4, Қарағанды – 1, Қостанай – 1). Ал 39 ауылдық елді мекенде жұмыстар басталмаған (Түркістан – 21 ауыл, Батыс Қазақстан – 5 ауыл, Жамбыл – 5 ауыл, Алматы – 5 ауыл, Қарағанды – 3 ауыл, Павлодар – 1 ауыл және Ақтөбе – 1 ауыл). Құрылысы жоспарланып отырған 224 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтауды 2023 жылдың соңына дейін аяқтау қажет», - деді министр.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша ауылдық елді мекендердегі суқұбыры желілерінің жалпы ұзындығы 43,9 мың км-ны құрайды, оның ішінде 6,3 мың км-ны ауыстыруды талап етеді.
Республика бойынша жұмыс істеп тұрған сумен жабдықтау жүйелері 40-50 жыл бұрын салынған, онда технологиялық жүйелердің жоғары тозуы, техникалық жай-күйінің төмендігі, жиі апаттар және тазарту құрылыстарының тиімсіз жұмысы байқалады.
Министр желілердің тозу себептерін мамандандырылған кәсіпорындардың болмауымен және жұмыс істеп тұрған коммуналдық кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасының әлсіздігімен байланыстырды.