Ресейде Петербург халықаралық экономикалық форумы басталды

Автор: Azattyq Rýhy

Мұндағы басты тақырып – санкциялар және импортты алмастыру

Фото ашық дереккөзден

Ресейде Петербург халықаралық экономикалық форумы басталды. Биыл ол «Жаңа әлем – жаңа мүмкіндіктер» тақырыбымен өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Форумға 500-дей ресейлік компания қатысуда. Шетел делегаттарының тізімі жарияланған жоқ, алайда ресми мәлімет бойынша 69 елдің өкілі келген. Тек форумға «Талибан» қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) өкілдерінің қатысуы шу туғызды. Өйткені Ресейде Талибан террорлық ұйымдардың есебінде. Алайда бұл тәліптерге мұнай, газ және астық сатып алу туралы келіссөздерге қатысуға кедергі болған жоқ.

Петербург экономикалық форумы биыл 25 жылдығын атап отыр. Ол күрделі кезеңде өтіп жатыр. Украинадағы әскери қақтығыстарға байланысты батыс елдері Ресейге қарсы санкциялар қабылдады. Шетел компаниялары өндірісін тоқтатып, елден кетті. Логистикалық тізбектер үзіліп қалды. Кейбір қатысушылар форумның биыл өтетініне күмәнмен қарағанын жасырмайды. Дегенмен шара басталды, оған келгендер дағдарыстан шығу жолдарын қарастырып жатыр. Мұндағы басты тақырып – санкциялар және импортты алмастыру. Ресей бұл тұста Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өндірістік кооперацияға және өзара есепте ұлттық валюталарға ауысуға үлкен үміт артып отыр.