Түркістан облысында заңсыз құрылысқа тоқтам болмай тұр
Қарабұлақта дәл қазір отыздан аса үй құрылысқа тыйым салынғанына қарамастан салынып жатыр
Түркістан облысында заңсыз құрылысқа тоқтам болмай тұр. Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылдық округінде мыңнан астам тұрғын үйдің құжаты жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Ауыл әкімінің айтуынша, бұрын шаруа қожалықтары мен өндірістік кооперативтерге тиесілі телімдерге баспана салуға тиым салынған. Бірақ, оны ешкім тыңдап жатқан жоқ дейді. Қарабұлақ ауылында дәл қазір құрылыс қызу жүріп жатыр. Салынып жатқан үй көп. Бірақ оның басым бөлігі заңсыз.
Қарабұлақта дәл қазір отыздан аса үй құрылысқа тыйым салынғанына қарамастан салынып жатыр. Ешбірінің құжаты жоқ дейді ауылдық округ әкімі. Тіпті тұрғын үй салуға арналмағандықтан «құрылысты тоқтат» деген ескертуді де елемей жатқандарын жеткізді. Бір түнде үйдің іргетасын құйып, кірпішін қалап үлгеріп жатқандар бар көрінеді.
«Халық түсіндіру жұмыстарын жүргізгенмен бізді тыңдамай тұрғын үй салып жатыр. Сенбі, жексенбі күндерге туралайды да сол күні жалғастырады ғой. Азанға дейін кірпішін қалап шығып жатқан отбасылар да бар. Өйткені біз үлгере алмай қаламыз, түнде кеп оларды тоқтату мүмкіншілігі жоқ», - дейді Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Камилжон Абдилахатов.
Қарабұлақ ауылдық округінде 60 мыңнан астам тұрғын бар. Шенділердің есебінше, мұнда жылына 1,5 мыңдай бала дүниеге келеді. Ал жер кезегінде 7 мыңнан астам азамат тұр. Соңғы он жылда жер телімі берілмеген. Бірақ соған қарамастан 1,5 мыңдай үй заңсыз салынған. Соның 300-інің ғана құжаты реттеліпті.
«Алгоритмге сәйкес біз осы үйлерді заңдастыру жұмыстарын жүргізудеміз. Бүгінгі күнге 28 үй заңдастырып берілді. Оның заңдастыру жолы 1-шісі –заңсыз құрылыс салынған үйлерді үй иелеріне кадастр бағасымен сатып беру. Екіншісі, бұл мемлекеттік жерде коммуналдық жерде орналасқан үйлерге сот арқылы меншік иесін тану», - дейді Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев.
Қарабұлақта тұрғын үйлерден бөлек кәсіпкерлік нысандар да заңсыз салынуда. Аудандық өкілдің мәліметінше, 28 нысан шаруа қожалыққа тиесілі жерден бой көтерген. Оларды бұзу мәселесі бойынша қазір сот орындаушылары жұмыс жүргізіп жатыр.