«Баламдай азамат ар-намысымды қорлады»: Алматы облысында мүгедектігі бар зейнеткерді зорлаған күдікті ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізіліп жатыр

Фото ашық дереккөзден

Алматы облысында 32 жастағы азамат өзінен 30 жас үлкен мүгедектігі бар зейнеткерді зорлаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

Оқиға Қарасай ауданындағы саяжайдың бірінде болыпты. Түнде арам ойын іске асыруға тырысқан күдікті басында есікті қағып, бейтаныс адамның атын сұрайды. Алайда зейнеткер танымайтынын айтып, кері қайтарады. Бірақ ол райынан қайтпай, ішке кірудің амалын қарастырады. Терезені сындырып, ішке кіріп, арам пиғылын іске асырады.

«Мен атып тұрдым. Маған қол көтермек болғанда үтікпен бір ұрдым. Содан ол мені сүйреп, жатын бөлмеге апарды. Мені қатты ұрып, талдырып, зорлады», – деді жәбірленуші.

Түрін көрсетпеуді өтінген жәбірленуші есімін де жасырды. Себебі ауданға танымал екен. Болған жайды бүкпесіз баяндап берген зейнеткер әбден шошып қалған.

«Баламдай азамат ар-намысымды қорлап, үйден шашымнан сүйреп моншаға апарды. Білгенін істеді», – деді жәбірленуші.

Ер адам зейнеткерді үйге кіргізеді. Шекесіндегі жарасын оратқан. Сол сәтте күдікті қалғып кетсе керек, жәбірленуші сыртқа қашып үлгеріпті. Дереу көршілерден көмек сұрап, оқиға орнына тәртіп сақшыларын шақыртқан. 

«102 пультіне хабарлама түскен бетте жедел тергеу тобы бірден оқиға орнына жетті. Оқиға орнын қарап, тексеру барысында күдіктінің аяқ киімі, қол-саусақ іздері табылды. Сол арқылы күдіктінің жеке басын анықтап, оны Қарасай аудандық полиция бөліміне жеткізіп, керекті тергеу амалдарын жүргіздік. Қазіргі таңда ҚР ҚК 120-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізіліп жатыр», – деді Қарасай аудандық ПБ тергеу бөлімінің тергеушісі Жансая Серікқызы.

Полиция дерегінше, күдікті әзірге Алматы қаласындағы уақытша ұстау изоляторында отыр. Егер қылмысы дәлелденсе 5 жылдан 8 жылға дейін сотталуы мүмкін. Айта кетейік, Қарасай ауданында жыл басынан 5 зорлау фактісі тіркеліпті.