$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Автотұраққа арналған орынды сақтап қалғысы келген алматылықтар наразылыққа шықты

Жергілікті қараша бұл жердің автотұрақ деп бекітілгенін қалайды

Автотұраққа арналған орынды сақтап қалғысы келген алматылықтар наразылыққа шықты
Фото ашық дереккөзден

Автотұрақты талан-таражға түсірмейміз. Осылай деген 100-ден астам алматылық 200-ге жуық көлік сиятын арнаулы орынды сақтап қалу үшін наразылыққа шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Құрылыс компаниясы онсыз да халқы тығыз орналасқан Қазақфильм ықшамауданындағы автотұрақтың орнына көпқабатты үйді қабаттастырып тұрғызбақ болған. Ал 40 жылдан астам темір тұлпарын осы тұраққа қойып келген жұрт бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы.

Кешқұрым жиналған қарақұрым халық – Қазақфильм ықшамауданының тұрғындары. Олар екі ай бұрын осы маңайдағы жалғыз автотұрақ сүріліп, орнына тұрғын үй салынатынын естіген. Бұл шешімге түбегейлі қарсы болған тұрғындарға бүгін мәселенің нүктесі қойылатын күн. Келісімшарт бойынша көлік қоятын орынның есігі ертеңнен бастап тарс жабылмақ.

 «Бір жарым ай бұрын бізге өтініш жазылды, бір айға деп. Сосын жарты айға тағы келісімшартымызды ұзартты. Бүгін бәріміз шығып кеткенбіз. Қазір қарап отырсаңыз, көлік аз. Өйткені бәрін шығарып жіберді. Мәселе – бұл жерде көлік қоятын жер жоқ», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Айтолқын Естаева.

40 жыл бұрын шағынауданының орталығында пайда болған автотұраққа қазір 20-ге жуық көлік сияды. Бүгінге дейін тұрғындар әр орынға айына 15 мың теңге төлеп келген. Енді  арнаулы орын сүріліп, ішіндегі тізіліп тұрған көліктер үйлердің ауласына тұрақтайтын болса, көшедегі тар жолмен жүру тіптен мүмкін болмайды деп шыр-пыр. Тіпті қазірдің өзінде тар жолдың кесірінен бала-шаға да көліктің астына түсіп кете жаздайды екен.

 «Өздеріңіз де байқағандай, автотұрақ шағын ауданның орталығында орналасқан. Барлық көше кішкентай және жолдар тар. Жүру мүмкін емес. Бүрсігүні ғана осы көшеде кішкентай баланы қағып кетті. Балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Кейбір көршілеріміз автотұрақ жабылады деген соң үйлерін де сатылымға қойып жатыр. Енді көлік тұрағы болмаса, мұнда тұру мүмкін емес», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Александр Войтенко.

Жергілікті жұрттың жан-айқайына демде атқамінерлер де келе қалды. Олар құрылыс компаниясына автотұрақтың орнына 3 қабатты үй салу жобасын әзірлеуге рұқсатты берген. Ал, компания тұрғындар жаппай қарсы болғасын, құрылысты бастамайтын болыпты -мыс.

 «Жер телімінің нысаны көпқабатты тұрғын үй салуға негізделген. Ол кісі қазір құрылыс жұмыстарына әлі рұқсат алған жоқ. Бірақ алдын ала жобалау жұмыстарының қағаздарын алған болатын. Қазір ол қағаздарды «исходный материал» деп айтамыз, соның бәріне жобалау тоқтатылады. Құрылыс компаниясының өзі халықтың наразылығын тыңдай отырып, сондай шешім қабылдады. Енді салынбайтын болды», - дейді Алматы қаласы жоспарлау және урбанистика басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Сембаев.

Ал құрылыс компаниясының өкілі осы жер учаскесіне қатысты жұмысты уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған. Енді осы жердің иесі орынды жалға алып отырған жұртпен келісімшарттарды қайта жасасып, тұрғындар көлігін автотұраққа қоя береді. Алайда шенділер мен құрылыс компаниясының жауабы жұрт көңілінен шықпай отыр. Жергілікті қараша бұл жердің нысаналы мақсаты құжат бойынша автотұрақ деп бекітілгенін қалайды. Өйткені көптің көзіне түскен жер әлдекімге сатылып, тұрақтың орнына үй тұрғызылып кете ме деп қорқады.

 

 

Серіктес жаңалықтары