Шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтаруға арналған мекемеаралық комиссия құрылды

Автор: Айжан Бақдаулетқызы

Тоқаев бұл жұмыстың ұзаққа созылуы мүмкін күрделі процесс екенін атап өтті

Фото: Inform.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстандағы байлықтарының қомақты бөлігін шетел асырғандардың ақшасын кері қайтару мақсатында мекемеаралық комиссия құрылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Азаматтарымыз саяси қолдауға ие болған кейбір адамдардың шектен тыс байып кететініне наразы. Оған қоса, олар байлықтарының қомақты бөлігін шетел асырып әкеткен. Халықтың ашуын түсінуге болады. Сондықтан, менің Жарлығыммен Арнаулы мекемеаралық комиссия құрылды. Комиссияның міндеті – шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтару. Бұл – өте күрделі жұмыс, ұзаққа созылуы мүмкін. Себебі, көптеген заңдық процедурадан өту керек. Бірақ, біз қалай болса да, бұл мәселемен мұқият айналысуымыз қажет. Әйтпесе, әділетті қоғам туралы сөз қозғаудың өзі қиын болады»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда. 

Айта кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы аяқталып жатыр. Сондай-ақ, келесі бас қосу киелі Түркістанда өтпекші.