Елордада ҚХА-ның қалалық ХХ сессиясы өтті
Бүгінде елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясында 21 этномәдени орталық жұмыс істейді

Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының қалалық ХХ сессиясы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» деп аталған XXXI сессиясына қатысып, Ассамблея қызметінің басымдықтарын айқындап берген еді. Президент Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің үш негізгі басымдығын айтты. Біріншісі – саяси реформаларды жүзеге асыру ісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін күшейту болса, ақпараттық жұмыстарды күшейту – Ассамблеяның қоғамдағы әлеуетін арттыру мәселесі екінші басымдық ретінде аталды. Ал үшінші басымдық – құқық қорғау қызметін күшейту болды.
Қалалық Ассамблеяның ХХ сессиясына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, мемлекеттік органдардың, елордалық этномәдени бірлестіктердің, ғылыми-сараптамалық топтың, Қоғамдық келісім кеңесі, Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Аналар кеңесі және студент жастар қатысты.
Бірінші жартыжылдықты қорытындылай келе Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жәкенов елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің оң динамикасын атап өтті. Сессия барысында мемлекеттік тілді дамыту, жастарға патриоттық тәрбие беру, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту ісінде мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдерінің өзара іс-қимылына қатысты негізгі мәселелер талқыланды.
Жиында сөз сөйлеген «Тұран – Астана» университетінің «Әлеуметтік-гуманитарлық және тілдік пәндер» кафедрасының меңгерушісі, доцент, филология ғылымдарының кандидаты Владимир Шнайдер қазақ тілі мәселесіне кеңінен тоқталды.
«Мен 1941 жылы қоныс аударылған немістердің қазақ жерінде дүниеге келген екінші буын өкілімін. Балалық шағым қазақ балаларымен ойнап, бір нанды үзіп жеген Павлодар облысына қарасты «Тегістік» деген қарапайым қазақ ауылында өтті. Қазақтың мәдениеті мен әдебиеті, тілі мен салт-дәстүрін бойыма сіңіргендіктен бүгінде бүкіл саналы өмірімді білім саласына, қазақ тілі мен әдебиеті мамандарын даярлау ісіне арнап отырмын. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Жаңа Қазақстан – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды» деген болатын. Шын мәнісінде де, қабырғасы сөгілмейтін, іргесі бекем ел болу үшін болашаққа сенімді ұрпақ тәрбиелеу қажет. Адамның азамат болып қалыптасуында тілдің алатын орны ерекше. Тіл кереметі мен сөз құдіретін осылайша сезініп, түсінуден барып, адамның бойында отаншылдық түйсік маздайтын болады.
Осы қағиданы ұстана отырып, болашақ ұрпақты қазақ тілінде сөйлеуге, күнделікті өмірде қазақ тілін қолдануға шақыру да Сіздер мен біздің басты міндетіміздің бірі екенін күн тәртібінен шығаруға болмайтынын айтқым келеді. Қазақ тілі білімінің негізін қалаушы А.Байтұрсынов «түркі тілін ХХ ғасырға дейін аздырмай, қаз қалпында сақтап келген алғыс пен абырой қазаққа тиіс» деп аса құнды баға берген қазақ тілі қазақстандықтардың ортақ тілі болуы тиіс. Жастарымыздың бойына қазақ тілінің қыр-сырын, байлығы мен ең асылдарын сіңіру арқылы біз өскелең ұрпақтың бірегейлігін қалыптастыра аламыз», - дейді Владимир Шнайдер.
Қалада 100-ден астам этнос өкілдері тұрады. Бүгінде елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясында 21 этномәдени орталық жұмыс істейді. Елордадағы этномәдени орталықтардың жұмысы туралы «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Медиа-орталығы басшысы Равиль Валеев айтып берді.
«Елордалық Ассамблея құрамында әртүрлі қоғамдық құрылымдар жұмыс істейді және олардың әрқайсысының өз міндеті бар. Мен достық үйінің медиа-орталығын басқарамын. Орталықтың негізгі мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының ақпараттық саясатын іске асыру, оны мақсатты аудиторияға жеткізу тетіктерін жетілдіру және медиа-платформалар бойынша ақпарат тарату. Жарты жыл ішінде біз осы бағытта үш отырыс өткіздік. Кездесуде ақпараттық саясатты іске асыру перспективалары, әлеуметтік желідегі қазіргі заманғы технологиялар, сондай-ақ бейбітшілік пен келісім идеяларын насихаттау жөніндегі жоспарлар талқыланды.
Елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясында 21 этномәдени орталық жұмыс істейді және олардың әрқайсысы әлеуметтік желіде өз парақшасын жүргізеді. Біздің ұсынысымызға сәйкес, этномәдени бірлестіктер желіде өз қызметтерін жариялап қана қоймай, этностың тарихы, әдет-ғұрпы, мәдениеті мен салт-дәстүрі туралы әңгімелейді. Мұндай материалды ұсыну жұртшылықтың Қазақстандағы көпұлтты халықтардың тарихын білуге деген ынтасын арттыруға ықпал етеді.
Қазақстан халқының бірлігіне нұқсан келтіруге бағытталған заңсыз және теріс ақпараттарды анықтау бойынша әлеуметтік желіде мониторинг жүргіземіз. Кейбір жағдайларда «Бізге Ассамблея не үшін керек?» деген тақырыптағы агрессивті постардың авторларын жолықтырдық. Көп жағдайда мұндай материалдарды Ассамблеяның жұмысы мен этномәдени бірлестіктердің мәнін түсіне бермейтін адамдар жариялайды. Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қазан айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында осындай белсенділер туралы: «Ит үреді, керуен көшеді. Не болса да, жұмысты жалғастыра беру керек» деген болатын. Сондықтан біз Мемлекет басшысының берген тапсырмасын сапалы, уақытылы орындауға міндеттіміз», - дейді Равиль Валеев.
Сессия барысында Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының 2022-2023 жылдарға арналған қоғамдық орынбасарлары сайланды. Оған «Жастар» сарайының директоры, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚХА Кеңесінің мүшесі Сергей Солодовников және корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Роза Пак тағайындалды.
Шара соңында елордалық Ассамблея белсенділері этносаралық келісімді нығайтуға қосқан елеулі үлесі және елорданың қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін марапатталды.