Екі мемлекеттік телеарнаны қоғамдық телекорпорацияға айналдыру ұсынылды
Әлихан Байменов қоғамдық құндылықтар үшін бәсекелестікте ақпараттық қауіпсіздік те маңызды екенін атап өтті
Ұлытау төрінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда еліміздің аумағында соғыс пен жауыздықты, ұлтараздық өшпенділікті дәріптейтін телехабарларға тыйым салу ұсынылды.
Жиын барысында сөз сөйлеген Астана мемлекеттік қызмет хабы мен оның басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов отандық БАҚ-қа қатысты бірқатар ұсынысын айтты
«Халықтың мұңы мен мұқтажы, даты мен дауысы арыз-шағымсыз жететін Ұлттық құрылтайдан басқа да жүйелер қажет. Заманауи демократияларда бұл міндетті БАҚ атқарып жүр. Сол себептен бұл мақсатта Хабар және Қазақстан арналарын қоғамдық телекорпорацияларға айналдыру қажет деп ойлаймын. Қоғамдық құндылықтар үшін бәсекелестікте отандық контент сапасымен қатар ақпараттық қауіпсіздік те маңызды. Біз бейбіт саясат мемлекетіміз. Пандемия денсаулықтың, ал қаңтар оқиғасы мен Украинадағы соғыс бейбітшіліктің қадірін түсіндірді. Сол себепті конституциямызға сәйкес қай елден таратылса да, соғыс пен жауыздықты, ұлтараздық өшпенділікті дәріптейтін телехабарларға Қазақстан аймағында тыйым салыну керек деп санаймын», - деді Әлихан Байменов.
Сонымен қатар, ол Алаш қозғалысына саяси баға беру керек деп санайтынын айтып, ата-бабалар жолын заманауи тәсілмен жалғауды ұсынды.
«Қазір ұлттық дәстүрдің жаңғыруымен қатар, жастарымыздың ата дінімізге бетбұрысы байқалады. Осыған орай ұлы бабаларымыз Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Яссауи, Абай мен Шәкәрім дәстүр, дін, ғылым, еңбек арасындағы үйлесімді табу жолын аманаттап кеткенін ескеріп, Жаңа Қазақстанда осы үлгіні заманауи тәсілмен іске асырған жөн деп санаймын.
Ал тарихтағы ақтаңдақтар санадағы ақтаңдақтарға айналатынын ескере келе өткен жүйелер мен оқиғаларды әділ бағалау маңызды. Осы ретте тиісті мемлекеттік комиссия Алаш қозғалысына саяси баға берсе, қоғамдық сана бір серпіліп қалар еді», - деді ол.