Елбасы туралы жеке заң алынып тасталады – Әділет министрі
Қанат Мусин Тұңғыш Президент үшін бөлек бап болмайтынын айтты
Тұңғыш Президент туралы жеке заңды алып тастайтын норма биылдан қалмай Парламент қарауына ұсынылады. Бұл туралы Әділет министрі Қанат Мусин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Конституциядан Тұңғыш Президент туралы жеке заң болуы керек деген норма алынып тасталғандықтан, тиісінше бұл заң да алынып тасталуы тиіс. Бұл енді қабылданған Конституциядағы өзгерістерге сәйкес кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы аясында жүзеге асырылады. Ол биыл Парламенттің қарауына ұсынылады», - деп жауап берді Қанат Мусин тілшілер сауалына.
Сондай-ақ Әділет министрінің айтуынша, Қылмыстық кодексте президенттің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қолсұғушылық үшін жауапкершілік қарастыратын жалпы бап қана қалады.
«Ол барлық президентке қатысты ортақ заң. Елбасы үшін бөлек бап болмайды», - деді Қ. Мусин.