Бір қан донациясы үш адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін
Қазақстанда жылына 80 мыңға жуық адам қан донорлығына мұқтаж. Бұл туралы елордада Дүниежүзілік қан доноры күніне арналған концертте «Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы» ШЖҚ РМК басқарма төрағасы Сәния Әбдірахманова мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бұл күн 2005 жылдан бері бүкіл әлемде науқастарды донорлық қанмен қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аудару үшін атап өтіледі. Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам қан құю процедурасы жасалады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, емделушілер мен дәрігерлердің атынан донорларға – қымбатты достарымызға, ең жақсы көмекшілерімізге үлкен алғысымды айтамын», – деді Сәния Әбдірахманова.
Биыл Дүниежүзілік қан доноры күні «Қан донорлығы – ынтымақтастық негізі. Донор болыңыз және адам өмірін сақтауға үлес қосыңыз» ұранымен өтіп жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл концерт – қалың жұртшылықты қан тапсыру қажеттілігі туралы хабардар етудің, сондай-ақ қоғамдық денсаулық сақтауды нығайту үшін еріктілердің өтеусіз қан донорлығының маңызын насихаттаудың тағы бір мүмкіндігі.
«Донор болу – адам өміріне араша болатын игі іс деп есептеймін. Осы міндетті атқарып жүрген барша донорларға мықты денсаулық тілеймін», – деді әнші Меруерт Түсіпбаева.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева бір қан донациясы үш адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін екенін атап өтті.
«Қан қызметінің тиімді жұмысы мен донорларымыздың қайырымдылығы мен ізгілігі арқылы еліміздегі барлық медициналық ұйым кез келген уақытта қан компоненттерімен қамтамасыз етіледі. Бұл қиындыққа тап болған әрбір адамның өмірін сақтап қалу мүмкіндігін арттырады. Құрметті донорлар, мереке құтты болсын және адам өмірін сақтап қалғандарыңызға рақмет!» – деді ол.
Айта кетейік, концерт «AMANAT» партиясы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараға Ұлттық Олимпиада комитеті төрағасының орынбасары Серік Сәпиев, әнші Досымжан Таңатаров пен Асылхан Шалқаров, блогер Самал мен Ерболат Жаңабыловтар және тағы да басқа танымал адамдар қатысты.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен 40 реттен астам қан тапсырған донорлар – Ернұр Тәуірбеков пен Азамат Рахметов марапатталды. Донорлыққа көп жыл қатысқаны үшін Самат Ағайсенов Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.